Израиль оңтүстік Ливанға ондаған әуе соққысын жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль армиясы Иран қолдайтын топтың инфрақұрылымына соққы жасағанын мәлімдеді. Әскерилер «Хезболланы» қайта топтасуға әрекеттенді деп айыптағанын Euronews хабарлады.

п
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл — өткен жылғы «Хезболламен» болған соғыстан кейінгі атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген сәттен бергі ең ауқымды шабуылдардың бірі.

Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлауынша, Израильдің Набатиядағы оңтүстік аймаққа жасаған жаңа шабуылдарының салдарынан кемінде бір адам қаза тауып, сегіз адам жарақат алған.

Ливандық БАҚ Бофор қамалы маңында 20-дан астам соққы болғанын жазуда. Бұл — кезінде кресшілердің бекінісі болған, кейіннен «Хезболланың» базасына айналған орын.

Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) мәліметінше, соққылар ХАМАС-пен одақтас радикалды шииттік топтың инфрақұрылымына бағытталған. Атап айтқанда, қару-жарақ қоймалары мен жерасты туннельдерінің шахталары нысанаға алынған.

Израиль сонымен қатар «Хезболланы» оқ-дәрілік және қорғаныс жүйелерін сақтап, қайта топтасуға әрекеттеніп жатыр деп айыптап, бұл АҚШ бастамасымен қарашада жасалған атысты тоқтату келісімін бұзады деп мәлімдеді.

Өз күштерін Литани өзенінен оңтүстікке қарай аумақтардан шығарғанын мәлімдеген содырлар тарапынан әзірге ресми пікір білдірілген жоқ.

Израиль өткен жылғы құрлықтағы басып кіруден кейін Ливан аумағындағы бес биіктікті әлі де бақылауда ұстап отыр.

Ливан Премьер-министрі Наваф Салам қақтығыстан қатты зардап шеккен Баальбек қаласында ресми тұлғалармен кездесу өткізді. 

— Үкімет израильдік әскерилерді Ливан аумағынан шығару үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатыр және жұмсай беретін болады, — деді ол журналистерге.

Айта кетейік, қараша айының соңында жасалған келісімнен бері Израиль үш рет оңтүстік Бейрутке соққы жасаған. Бұл әрекеттерге Ливан аумағынан атылған екі зымыран себеп болған.

Бұған дейін Израиль әскери-әуе күштері Сана халықаралық әуежайына да соққы жасаған болатын.

Соңғы жаңалықтар