Израиль палестиналықтарды Газа секторынан Оңтүстік Суданға көшіруді талқылап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль Газа секторындағы палестиналықтарды Оңтүстік Суданға көшіру мүмкіндігін талқылап жатыр, деп хабарлайды Euronews.

AP дерегінше, бұл жоспар соғыс салдарынан қираған аумақтан халықты жаппай көшіру аясында қарастырылуда. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Дональд Трамптың бастамасына сүйене отырып, «ерікті көші-қон» идеясын қолдайды. Ұқсас ұсыныстар өзге африкалық мемлекеттерге де жолданған, алайда халықаралық қауымдастық мұны халықаралық құқық нормаларын бұзу деп санайды.
Оңтүстік Судан билігі Израиль делегациясының елге келіп, лагерьлер құру мүмкіндігін қарастыратынын растады. Мұндай нысандарды салу шығындарын Израильдің өзі өтеуі ықтимал. Египет бұл жоспарға қарсы шығып, босқындар ағымынан қауіптеніп отыр.
Көптеген палестиналықтар Газаны уақытша тастап кеткісі келгенімен, Оңтүстік Суданға көшуге үзілді-кесілді қарсы. Олар бұл елді азаматтық соғыс пен гуманитарлық дағдарысты бастан өткерген, тұрақсыздық пен арабтар мен мұсылмандарға тарихи тұрғыда жаулықпен қараған мемлекет деп санайды.
Айта кетейік, Израиль ХАМАС-ты толығымен жою жоспарын жариялады.