Израиль премьері сыбайлас жемқорлыққа қатысты сот алдында куәлік етуде
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сот алдында 2016 жылы жасалған сыбайлас жемқорлық дерегіне қатысты куәлік етіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Оған пара алды, алаяқтық және сенімге қиянат жасады деген айып тағылды.
Сейсенбі күні таңертең премьер-министр Биньямин Нетаньяху Тель-Авив аудандық сотына айыпталушы ретінде келіп, оған үш түрлі іс бойынша тағылған қылмыстық айыптар бойынша сұрақтарға жауап берді.
Отырыс қауіпсіздік мақсатында жерасты сот залында өтіп жатыр, өйткені Иерусалим аудандық сотының ғимаратында қауіпсіздік шараларымен тиісті деңгейде қамтылмаған.
«4000 іс»
Прокурорлар Нетаньяху Bezeq Telecom Israel (BEZQ.TA) компаниясына шамамен 1,8 миллиард шекел (шамамен 500 миллион доллар) көлемінде жеңілдік берді деп мәлімдейді. Прокурорлардың айтуынша, оның орнына Израиль премьер-министрі компанияның бұрынғы төрағасы Шауль Элович басқарған жаңалықтар сайтында өзі және әйелі Сара туралы оң ақпарат бергізген. Осыған байланысты Нетаньяху пара алды, алаяқтық жасады және сенімге қиянат келтірді деп айыпталып отыр.
«1000 іс»
Нетаньяхуға әйелі екеуі голливудтық продюсер және Израиль азаматы Арнон Милчаннан және миллиардер аустралиялық кәсіпкер Джеймс Пэкерден 700 000 шекелге жуық (210 000 доллар) сыйлық алды деген айып тағылды. Прокурорлар сыйлықтардың ішінде шампан мен сигара болғанын және Нетаньяху Милчанға оның бизнес мүдделеріне көмектескенін айтты. Бұл ретте Пэкер мен Милчанға айып тағылған жоқ.
«2000 іс»
Айыптауларға сәйкес, Нетаньяху израильдік «Yedioth Ahronoth» газетінің иесі Арнон Мозеспен өзі туралы оң ақпарат беру үшін бәсекелес газеттің өсуін бәсеңдететін заң шығару үшін келіссөздер жүргізді деген болжам бар.
Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, желтоқсан айының соңына дейін Израиль премьер-министрі Тель-Авивтегі парақорлық ісі бойынша аптасына 3 рет күніне 6 сағаттан куәлік етеді. Алдымен адвокаттары сұрақ-жауап алады, содан кейін қарсы сұрақ қойылады.
Бұған дейін халықаралық қылмыстық сот Нетаньяху мен Галантты тұтқындауға ордер бергені хабарланған болатын.