Израиль салған қырғын: Газа секторында қаза тапқандар саны 69 756-ға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 48 сағат ішінде Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 23 адамға артып, жалпы алғанда 69 756-ға жетті. Бұл туралы Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінде айтылды, деп хабарлайды Анадолу.
Соңғы бір тәулікте Израиль шабуылдары салдарынан 23 палестиналық қаза тауып, тағы 83 адам жарақат алған.
Атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген сәттен бері 339 адам қаза тауып, 871 адам жараланған, сондай-ақ қирандылар астынан 574 мәйіт шығарылған.
2023 жылдың қазан айынан бері Израильдің Газаға жасаған шабуылдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 69 756-ға, ал жараланғандар саны 170 946-ға жеткен.
Газадағы атысты тоқтату және тұтқын алмасу туралы келісім
АҚШ президенті Дональд Трамп 9 қазанда Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы арасында атысты тоқтатудың бірінші кезеңі бойынша келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Мысырда қол қойылған бұл келісім Израиль үкіметі мақұлдағаннан кейін 10 қазанда күшіне енді.
Қол жеткізілген келісімге қарамастан, Израиль армиясы әртүрлі сылтауларды алға тарта отырып, палестиналықтарға қарсы шабуылдарды мерзімді түрде жалғастырып келеді.
Айта кетейік, Израильдің Газа секторына жасаған соққысынан 22 палестиналық қаза тапқанын жаздық.
Ал Израильдің Ливан астанасы Бейрутқа жасаған әуе соққысынан 5 адам қаза тапты.