Израиль: серіктес компания қызметкері ХАМАС құрамында болған

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль билігі Газа секторында қаза тапқан қызметкер Германияның ZDF телеарнасының серіктесі, ХАМАС ұйымының мүшесі болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bild.

Израиль: серіктес компания қызметкері ХАМАС құрамында болған
Фото: Pexels

Израиль тарапы ZDF телеарнасына 19 қазанда Газа секторында көз жұмған PMP қызметкерінің террористік ХАМАС ұйымына қатысы бар екенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынған.

Бұған дейін Израиль армиясының PMP нысанына жасаған соққысы салдарынан компанияның бір қызметкері мен бір бала қаза тапқан еді. Осыдан кейін ZDF бас редакторы Беттина Шаустен журналистерге жасалған шабуылдарды «жұмыс кезінде жол беруге болмайтын әрекет» деп атаған болатын.

Алайда Израиль әскері қаза тапқан Ахмед Ас‘ад Мұхаммед Абу Матердің ХАМАС-тың радикалды қанатында взвод командирі болғанын және оның нақты нысанаға алынып жойылғанын хабарлады.

ZDF телеарнасы Абу Матердің ХАМАС-қа қатысын растайтын құжаттарды алғанын мәлімдеп, PMP компаниясымен серіктестікті уақытша тоқтатты.

Инженер Абу Матер 2013 жылдан бері PMP компаниясында жұмыс істеп, телеарнаға Газа секторынан бейнематериалдар мен жаңалықтар жеткізіп келген. Осылайша, ZDF телеарнасы исламшыл топтың әскери құрылымына қатысы бар адаммен іс жүзінде ынтымақтастық орнатқан болып шықты.

Айта кетейік, бұған дейін Израиль армиясы Батыс жағалауда 21 палестиналықты ұстаған болатын.

Соңғы жаңалықтар