Израиль Сирияның екі қаласындағы әуежайларға соққы жасады

Сирияның Дамаск және Алеппо қалаларындағы әуежайлар жұмысын тоқтатты. Kazinform бұл туралы сириялық Al Watan газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

сирия израиль
Фото: видеодан скрин

Басылымның жазуынша, Израиль Сирияның аталған екі қаласының әуежайларына соққы жасаған. Лондонда орналасқан The Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) мониторинг тобы Сирияның әуе қорғанысы шабуылға тойтарыс беруге тырысқанымен, еш нәтиже шықпағанын жазды.

Jerusalem Post мәліметінше, Ираннан Сирияға бет алған ұшақ Тегеранға қайтуға мәжбүр болған. Әуежайларға шабуыл Сирияға Иран Сыртқы істер министрі Хоссейн Амирабдоллахиан келерден бір күн бұрын жасалып отыр.

Израиль – Палестина қақтығысынан қаза тапқандар саны: Израильде – 1300 адам, Палестинада – 900 адам, тағы 4500 адам жарақат алды. Иордан өзенінің батыс жағалауында 21 палестиналық азамат қаза тапты, ондаған тұрғын жараланды.

7 қазан күні палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, ел соғыс жағдайына көшкеннен кейін бірқатар мемлекет азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырды. Қазақстан да аталған елде жүрген 124 қазақстандық үшін репатриациялық рейс ұйымдастырып, оларды елге жеткізді.

Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Газа секторы толық оқшауландырылғанын мәлім етті. Онда жарық, тамақ және отын жоқ.

Әскерилер Палестина тұрғындарына Мысырға қашуды ұсынды. 11 қазан күні Газа секторындағы жалғыз электр станциясы отын тапшылығынан жұмысын тоқтатты.

Израиль қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) кеше ХАМАС-қа 450-ден астам соққы жасалғанын мәлім етті. Сонымен қатар кеше Израиль қорғаныс әскері ХАМАС қозғалысы әскери қанатының қолбасшысы Мохаммед Дейфтің үйіне шабуыл жасағаны хабарланды.

Бұдан бөлек, Израиль қауіпсіздікке қатысты шешімдерді қабылдау процесін нығайтатын төтенше үкімет құрды.

Соңғы жаңалықтар