Израиль соғысқа «біраз үзіліс» жасауға дайын - Нетаньяху
Израиль премьер-министрінің айтуынша, гуманитарлық көмек жеткізу және ХАМАС тобы кепілге алғандарды босату үшін үзіліс жасалуы мүмкін. Нетаньяху Израиль Газадағы «жалпы қауіпсіздікті» бақылауға алатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform бұл туралы DW жаңалықтарына сілтеме жасап.
"Израиль Газа секторындағы әскери әрекеттерге «шағын тактикалық үзіліс» жасау мүмкіндігін қарастыруға дайын", - деп мәлімдеді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 7 қарашаға қараған түні.
Нетаньяху гуманитарлық көмектің жеткізілуін жеңілдету немесе ХАМАС содырлары кепілге алынғандарды босату үшін үзіліс жасауға болатынын айтты.
Сонымен бірге, Израиль атысты тоқтатудан бас тартады және Израильде, Еуроодақта, АҚШ-та және басқа да бірқатар елдерде террористік деп танылған ХАМАС тобы басқаратын Газа секторында кепілге алынған адамдар босатылмайынша, ешқандай жеңілдетуді қабылдамайтынын мәлімдеді.
Нетаньяху бұл мәлімдемені америкалық ABC News телеарнасының соғыс аяқталғаннан кейін Газаны кім басқарады деген сұрағына жауап беру кезінде жасады.
«Менің ойымша, Израиль біраз уақытқа дейін қауіпсіздік үшін жалпы жауапкершілікті өз мойнына алуы керек, өйткені біз жауапкершілік болмаған жағдайда не болатынына көзіміз жетті», - деді Нетаньяху.