Израиль Тегеранға тағы да соққы берді
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Қарулы күштері Иран астанасындағы нысандарға жаңа соққылар толқынын бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы ВВС жазды.
– Израиль қорғаныс армиясы Тегеранда ирандық террористік режимнің инфрақұрылымына қарсы ауқымды соққылар толқынын бастады, — делінген хабарламада.
BBC-дің Парсы қызметіндегі әріптестердің мәліметінше, Тегеран қаласында тағы да жарылыстардың дыбысы естілген.
Бұған дейін ЦАХАЛ Израиль әскери күштері Иран аумағынан Израиль бағытына қарай ұшырылған зымырандарды тіркегенін хабарлаған еді.
Әскери мәліметке сәйкес, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері қауіп-қатерді тойтару үшін жұмыс істеп жатыр.
Израиль әскери қолбасшылығы жұма күні Израиль қорғаныс армиясы Иран аумағындағы 400-ден астам нысанаға соққы жасағанын мәлімдеді.
ЦАХАЛ хабарламасында зымыран ұшыру қондырғыларына, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне және ұшқышсыз ұшу аппараттарын сақтайтын қоймаларға соққы жасалғаны айтылған.
Ал Тегеран тұрғындары BBC-ге жұмаға қараған түні АҚШ пен Израильдің Иран режиміне қарсы әскери әрекеттері басталғалы бергі ең қарқынды әуе соққыларына куә болғандарын жеткізген.
Айта кетейік, Израиль Тегеранға ауқымды соққылар басталғанын мәлімдеді.