Израиль террористерді өлім жазасына кесетін заңды алғашқы оқылымда мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Кнессеті (парламент) террористерге өлім жазасын кесу жөніндегі заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Заң жобасын 120 депутаттың 39-ы қолдап, 16-сы қарсы дауыс берген. Израильдік Kan мемлекеттік теле-радиокорпорациясы атап өткендей, жалпы отырыстағы пікірталас кезінде израильдік арабтардың мүддесін білдіретін солшыл ХАДАШ-ТААЛ блогының депутаты Айман Уде мен ұлттық қауіпсіздік министрі әрі әсіреоңшыл «Еврей күші» партиясының жетекшісі Итамар Бен-Гвир арасында сөзталас болып, арты төбелеске айнала жаздаған.
Аталған заң жобасын үкіметтік коалиция құрамындағы «Еврей күші» партиясының депутаты Лимор Сон Хар-Мелех ұсынған. The Jerusalem Post газетінің мәліметінше, құжат кез келген адамға өлім жазасын қолдануды қарастырады, егер ол «нәсілшілдік ниетпен немесе белгілі бір халық тобына деген өшпенділік салдарынан Израиль азаматына қасақана немесе немқұрайдылықпен өлім келтірсе».
Кнессет бұл заң жобасын алдын ала оқылымда алғаш 2023 жылғы 1 наурызда мақұлдаған еді. Енді осы жолғы отырыста түбегейлі бекітті.
Айта кетейік, Израиль армиясы Ливанның екі ауданына соққы жасап, соның нәтижесінде шииттік «Хезболла» ұйымының екі мүшесі жойылғанын жазғанбыз.