Израиль Йемендегі хуситтердің маңызды нысандарына соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Ел астанасы Сана мен Қызыл теңіз жағалауларын қоса алғанда Йеменнің солтүстік-батыс өңірінің басым бөлігін бақылауында ұстап отырған хуситтер Израиль жағына тұрақты түрде зымырандар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар жіберіп отырады.

Израиль Йемендегі хуситтердің маңызды нысандарына соққы жасады
Фото: euronews

Бұл туралы Euronews хабарлады.

ЦАХАЛ әуеден жасаған соқыларының салдарынан Йемен астанасы Санада кемінде 35 адам қаза болып, 130 адам жарақат алды. Сонымен қатар Йеменнің Ұлттық музейі мен өзге де тарихи нысандары бүлінді. Бұл туралы «Ансар Аллах» қозғалысының баскөтеруші хуситтері мәлімдеген.

Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) хабарлауынша, әуе шабуылы Йеменнің астанасы Сана мен солтүстіктегі Әл-Джауф провинциясында орналасқан хуситтердің негізгі әскери нысандарына бағытталған. Операцияға 10-нан астам жойғыш ұшақ қатысып, олар 15 нысанға 30-дан астам оқ-дәрі қолданған.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуынша, соққы нәтижесінде хусит содырлары шоғырланған бірнеше лагерь жойылған.

Бұл операция осы аптада Израиль әуежайы Рамонға жіберілген дрондарға және еврей мемлекетінің аумағына атылған зымырандарға берілген жауап болған.

2023 жылы ХАМАС Израильге шабуыл жасап, одан кейін Газа секторында соғыс басталғаннан кейін, хуситтер Израиль аумағын атқылайтынын және онымен байланысты кемелердің Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтуіне жол бермейтінін мәлімдеген еді.

2025 жылдың қаңтар айында Газа секторында атысты тоқтату режимі енгізілгеннен кейін шабуылдар біраз уақытқа тоқтаған. Алайда наурыз айының басында бітім бұзылып, хуситтер Қызыл теңіздегі Израиль кемелеріне қайтадан соққы жасай бастады, кейін Израиль аумағындағы нысандарға да шабуыл жасауға көшкен.

Осыған дейін хуситтердің Израильмен байланысы бар кемелерге шабуыл жасауға уәде бергені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар