Израиль Йеменнің Ходейда портына соққы берді
АСТАНА.KAZINFORM — Израиль армиясы Ходейда порты аймағындағы инфрақұрылымға зымыран шабуылын жасағанын растады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Израиль Йемендегі Ходейда портына соққы беріп, теңіз және әуе блокадасына қауіп төндірді Израиль әскери-теңіз күштері сейсенбі күні Йеменнің батыс жағалауындағы хуситтер бақылауындағы Ходейда портына соққы берді. Бұл туралы Израиль қорғаныс күштерінің мәлімдемесінде хабарланды.
— Шабуылдың мақсаты — «террористер» операция үшін пайдалануды жалғастырып жатқан порттың әскери әлеуетіне одан әрі зиян келтіру. Бұл «азаматтық инфрақұрылымды лаңкестік мақсатта ақымақтықпен пайдаланудың» тағы бір мысалы, — деді ЦАХАЛ.
Бір күн бұрын Израиль армиясы хуситтер бақылайтын үш негізгі портты: Ходейда, Рас Иса және Салифті эвакуациялау қажеттігі туралы ескерту жасады.
Йемендік хуситтерге жақын Al Masirah телеарнасының хабарлауынша, Израиль зымырандары порт айлақтарына тиген. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Соққы теңізден жасалды, израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, бұл Йемендегі топқа қарсы науқан басталғалы бергі алғашқы оқиға болды.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац соққының болғанын растап, егер ел аумағына шабуылдар жалғаса берсе, күшейе түсеміз деп қорқытты.
— Мен Израиль Әскери-теңіз күштерін Йемендегі Ходейда портына сәтті соққы беруімен құттықтаймын. Израильдің ұзын қолы ауада да, теңізде де кез келген жерге жетеді. Біз «хуситтік лаңкестік ұйымға» ескерттік: егер олар Израильді атқылауды жалғастырса, олар одан күшті жауап алады және теңіз және әуе блокадасының астында қалады, — деді ол X әлеуметтік желісінде.
2023 жылдың қазан айында Газа секторындағы соғыс басталғаннан бері Йеменнің хуситтері палестиналықтармен ынтымақтаса әрекет етіп жатыр деп, Израиль аумағына бірнеше рет зымыран мен дрон ұшырды және Қызыл теңіздегі халықаралық кемелерге шабуыл жасады.
Айта кетелік Израиль әуе күштері Сирияға шабуыл жасаған еді.