Израильдегі Британ қаруы дауға айналды

қару-жарақ
Фото: BBC

ЛОНДОН. KAZINFORM - Ұлыбританиядан Израильге жөнелтілетін қару-жарақ экспорты тоқтатылуы керек. Жүздеген интеллигенция өкілі билікті халықаралық міндеттемелерге сәйкес әрекет етуге шақырды. Консерваторлық және оппозициялық партияның көптеген мүшелері де қару-жарақ саудасына қарсы.

Израильдіктердің әуе соққысы кезінде бірнеше британиялық гуманитарлық қызметкер қайтыс болғаннан кейін бұл талап күшейе түсті, деп хабарлайды Kazinform-ның Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Израильдің әуе соққысы кезінде жан тапсырған жеті гуманитарлық қызметкердің үшеуі Британ азаматы. Бұл жаңалық қоғамды дүр сілкіндірді. Бұдан кейін 600-ден астам заңгер мен ғалым Израильге қару-жарақ сату Ұлыбритания үкіметінің халықаралық құқық саласындағы міндеттемелеріне айтарлықтай қайшы келеді деп ескертіп, үкіметке ашық хат жазды.

«Геноцидтің ықтималдығы артып тұр. Бұл - Ұлыбритания сияқты елдердің Израильге қару сатуды тоқтатуына жеткілікті себеп болуы керек. Біз жаппай адам өлтіруден аулақ болуымыз қажет. Мен қоршауға алынған Палестинада Израильдің геноцид жасайтынына сенімдімін. Бұл іске араласпауымыз үшін Ұлыбритания үкіметінің Израильге қару-жарақ сатуын тоқтатуы өте маңызды», - дейді Бристоль университетінің саяси зерттеулер мектебінің аға оқытушысы Элдин Фахми.

Либерал-демократтар мен Шотландия ұлттық партиясы қару-жарақ экспортын толығымен бұғаттап тастауға шақырды. Бұл ұстанымды Лейбористік және Консервативтік партияның кейбір депутаттары да қолдады. Оппозиция Израиль Газадағы халықаралық құқықты бұзған болса, заң алдында жауап беруін үкіметтен талап етті.

«Бүкіл Британ жұртшылығы Газадағы балалардың үйінділер астында қалғанына куә болды. Бұл бізді қатты алаңдатады. Сондықтан әділ бағасы берілуі керек. Егер халықаралық құқықтың бұзылғандығы расталса, онда қару-жарақты жеткізуді тоқтата тұрғанымыз абзал болады», - дейді Лейбористер партиясы сыртқы саяси қызметінің басшысы Дэвид Лэмми.

«Ұлыбритания Израильді қолдауды тоқтатпауы тиіс. Әйтпесе, жеңісті ХАМАСҚА сыйлай салғандай боламыз».

Бұл осы елдің бұрынғы премьер-министрінің пікірі. Борис Джонсон кісі өліміне куә болу қорқынышты екенін мойындайды, бірақ Израиль өзінің шабуылдары туралы алдын ала ескерткенін және жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілерді қолдануға тырысқанын уәж ретінде келтіреді.

«Бұл шынымен де сіздің тілегіңіз бе? Сіз Израильге қару-жарақ эмбаргосын талап ететін заң маманы ма едіңіз? Сіз қылмыскерлер мен адам зорлаушыларға жеңісті сыйлай салғыңыз келе ме? Қаруды сатуға тыйым салу ақылсыздықпен пара пар. Үкімет бұл бастаманы ресми түрде неғұрлым тезірек айыптаса, соғұрлым жақсы болады», - дейді Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон.

Билік өкілдері қару-жарақ экспортын қатаң бақылайтынын айтады. Сондай-ақ Израильдің халықаралық гуманитарлық құқыққа сүйенуін қадағалап отыратынын жасырмайды. Экспорттық лицензиялар туралы шешімдер стратегиялық критерийлер негізінде қабылданады. Үкімет қолданыстағы лицензияларды тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу туралы кез-келген шешімді жария етуге уәде берді.

«Заңгерлік кеңес деген бар. Сыртқы істер министрі түзетулер енгізеді, содан кейін ол Бизнес министрімен кеңеседі. Егер Израиль Газадағы әрекеттерімен халықаралық құқықты бұзғаны расталса, әрине, біз қару бермейміз. Тіпті, Америка Құрама Штаттарына немесе кез-келген басқа елге қатысты ұстанымымыз өзгермейді», - дейді Ұлыбританияның премьер-министрінің орынбасары Олив Дауден.

Зерттеулерге сәйкес, сайлаушылардың көпшілігі, яғни Британ халқының елу алты пайызы Израильге қару сатуға тыйым салу керек дейді. Сауалнама гуманитарлық қызметкерлер қаза тапқанға дейін жүргізілген. Көпшілік Израиль Газадағы адам құқықтарын бұзып отыр деп есептейді.

«Ұлыбритания қару-жарақ саудасынан көп ақша табады, сондықтан ол бұл әрекетін тоқтатуға тырыспайды немесе қаламайды. Бірақ Ұлыбритания үкіметі шынымен де бұл қадамға баруы керек. Олар қалайша қару сатуды жалғастыра береді ? Адамдарды бомбалап, аштықтан өліп жатқанына қалай көз жұма қарай алады ?», - дейді Бристоль қаласының тұрғыны.

«Сатылып жатқан қару халықаралық құқықты бұзып жатыр деген қауіп болса, саудаға шығарылмауы керек. Ұлыбритания қару-жарақ саудасынан көп ақша табады, сондықтан бұл әрекетін тоқтатуға тырыспайды немесе қаламайды», - дейді Лондон тұрғыны.

«Біздің көңіліміз қалды. Олар қалайша қару сатуды жалғастыра береді? Адамдарды бомбалап, аштықтан өліп жатқанына қалай көз жұма қарайды? Біз осыны тоқтатқымыз келеді. Бұл адами қасиеттерге жат әрекет», - дейді Ұлыбритания астанасының тағы бір тұрғыны.

Ұлыбритания үкіметі Израильге қаруды тікелей өзі жеткізбейді - британиялық компанияларға экспорттық лицензиялар береді. Соңғы 16 жылда 570 миллион стерлинг фунтынан астам қаржыға қару сатылған. 10 жыл бұрын Газада болған қақтығыс кезінде Ұлыбритания үкіметі соғыс қимылдары жалғаса беретін болса, кейбір қарулардың экспортын тоқтата тұрамыз уәде берген болатын. Бірақ олай болмады. Премьер-министр Риши Сунак осы уақытқа дейін Израильге қару сатуды тоқтату туралы үндеулерге қарсы болып келді. Алдағы уақытта да райынан қайтпауы әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар