Израильдегі сайлау: оппозиция Нетаньяхудан озып тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Израильдегі сайлауда оппозиция Нетаньяху коалициясынан озып тұр, бірақ басымдыққа жете алмады, деп хабарлайды Анадолы.
Израильде төрт жылда алғаш рет өткен жалпы сайлаудан кейін жарияланған экзитполдардың алдын ала нәтижесі бойынша, Израиль армиясы Бас штабының бұрынғы бастығы Гади Айзенкот бастаған оппозициялық блок премьер-министр Биньямин Нетаньяху басқаратын билеуші коалициядан озып тұр. Алайда оппозиция үкімет құруға қажетті басым дауысқа ие бола алмады.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталған дауыс беру 22:00-де аяқталды. Осыдан кейін экзитполдардың нәтижелері жарияланды.
Израильдің KAN мемлекеттік телеарнасы таратқан алдын ала мәліметке сәйкес, Айзенкот бастаған оппозициялық блок Кнессеттен 53 орын алуы мүмкін. Ал Нетаньяху басқаратын билеуші блокқа 50 мандат болжанып отыр.
Дегенмен оппозиция 120 орыннан тұратын Израиль парламентінде коалициялық үкімет құру үшін қажет 61 мандатқа ие бола алмады.
Бұл сайлауда Израиль азаматтары саналатын палестиналықтардың белсенділігі жоғары болды. Олардың мүддесін білдіретін екі араб тізімі жалпы алғанда Кнессеттен 17 орын алуы мүмкін.
Экзитполдарға сәйкес, сайлауалды бәсекеде Нетаньяху басқаратын «Ликуд» партиясы көш бастап тұр. Оған 25 мандат болжанған. Ал Айзенкоттың «Яшар» партиясы 21 орынмен екінші орында келеді.
Оппозициядағы өзге күштердің қатарында бұрынғы премьер-министрлер Нафтали Беннет пен Яир Лапидпен байланысты «Бірге» тізімі 14 мандат алуы мүмкін. Бұрынғы қорғаныс министрі Авигдор Либерман басқаратын «Израиль — біздің үйіміз» партиясына 8 орын, ал Яир Голан жетекшілік ететін «Демократтар» партиясына 10 орын болжанып отыр.
Билеуші блок құрамындағы ультраортодоксалды «ШАС» және «Тора иудаизмі» партияларының әрқайсысы 6 мандаттан алуы мүмкін.
Нетаньяхудың одақтастары арасында ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвирдің әсіре оңшыл «Оцма Йехудит» партиясына 7 орын, ал қаржы министрі Бецалель Смотричтің «Діни сионизм» партиясына 6 мандат болжанған.
«Хадаш», «Тааль» және «Балад» партиялары кіретін, Израиль азаматтары саналатын палестиналықтардың мүддесін білдіретін Біріккен тізім 10 мандат алуы мүмкін. Ал Мансур Аббас басқаратын РААМ партиясына 7 орын болжанып отыр.
Сайлаудың түпкілікті нәтижелері ықтимал шағымдар мен апелляциялар қаралғаннан кейін, сегіз күннен кешіктірілмей жарияланады деп күтіледі.
Осыған дейін Израильдің парламентіне дауыс беру басталғанын жазғанбыз.