Израильдің парламентіне дауыс беру басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің шетелдердегі дипломатиялық миссияларында парламент сайлауына дауыс беру басталды, ал Кнессеттің негізгі сайлауы екі аптадан кейін өтпек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль начал голосование на парламентских выборах за рубежом
Фото: Израиль СІМ

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, Кнессет сайлауына алғашқы дауыстар 15 қазанға қараған түні тапсырылды. Ал Израильдің өзінде парламент сайлауы 27 қазанда өтеді.

Шетелде шамамен 4800 дипломатиялық миссия қызметкері және олардың отбасы мүшелері дауыс береді.

99 дипломатиялық миссияда барлығы 101 сайлау учаскесі ашылған. Уақыт белдеулерін ескере отырып, бүкіл әлем бойынша дауыс беру шамамен 30 сағатқа созылады, әрбір миссия өзіндегі сайлау учаскесін жергілікті уақыт бойынша күндізгі уақытта ашады.

Көптеген елдерден айырмашылығы, Израиль өз азаматтарының көпшілігіне шетелде дауыс беруге рұқсат етпейді. Мұндай құқық тек дипломатиялық өкілдіктерде елшілерге, миссия қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне берілген.

Алғашқы сайлау учаскесі Жаңа Зеландияның Веллингтон қаласындағы Израиль елшілігінде ашылды. Онда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9:00-де басталды. Бір сағаттан кейін Фиджиде жаңадан ашылған Израиль елшілігінің қызметкерлері дауыс бере бастады.

Шетелдегі дауыс беру Сан-Франциско мен Лос-Анджелестегі консулдықтарда аяқталады. Дауыс беру учаскелері жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 8:00-де жабылады, бұл уақытта Израильде 16 қазан, жұма, таң атқан болады. Содан кейін бюллетеньдер Израильге ұшақпен жеткізіліп, санау үшін Кнессетке тапсырылады.

Дауыс беру басталған кезде Әзербайжандағы Израиль елшілігіне барған ел президенті Ицхак Герцог азаматтарды сайлауға қатысуға шақырды.

— Мен барлық азаматты дауыс беру құқығын пайдалануға және Израильдің болашағын айқындауға шақырамын. Бұл Израиль мемлекеті үшін қиын кезеңнен кейін өткелі отырған өте маңызды сайлау, — деді ол.

Герцог сайлау процесі азаматтардың өз ұстанымын білдіру және елдің болашақ дамуын анықтау құралы болып қалуы керек екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, Израильде парламент сайлауы қарсаңында Иранға қарсы әскери соққыларды қайта бастау мәселесі саяси тартысқа себеп болған.