Израильдіктерді Амстердамнан эвакуациялау: Израиль армиясы шара қолдана бастады

АСТАНА.KAZINFORM - Израиль қорғаныс күштері Голландия астанасында «Маккаби Тель-Авив» футбол клубының жанкүйерлеріне қастандық жасалғаннан кейін Амстердамға «дереу құтқару миссиясын жіберуге» дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Израильдіктерді Амстердамнан эвакуациялау: Израиль армиясы шара қолдана бастады
Фото: x.com/Megatron_ron/status видеосынан скриншот

ЦАХАЛ мәлімдемесіне сәйкес, миссияға құтқару және медициналық топтар қатысады және оны тыл қолбасшылығы басқарады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху кеңсесі премьер-министрдің израильдіктерді қайтару үшін Амстердамға екі ұшақ жіберуді сұрағанын хабарлады.

Нетаньяху Нидерланд премьер-министрі Дик Схооф пен жергілікті құқық қорғау органдарын «бүлікшілерге қарсы батыл әрі жылдам әрекет етуге және азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге» шақырды.

Тель-Авивтік «Маккабидің» жанкүйерлері Израиль футбол командасы жергілікті «Аякс» футбол клубынан жеңілгеннен кейін Амстердан көшелерінде шабуылдар жасалғанын хабарлады. Голландия қаласында түсірілген видеода бетперде киген шабуылдаушылардың қатыгез әрекеттері көрсетілген. Олардың кейбірі Палестина туын көтеріп, «Палестинаға бостандық» деп ұрандаған.

Бірнеше израильдік жарақат алды, бірақ әлі нақты мәліметтер жоқ. Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, шабуыл жасағандар кейбір израильдіктердің төлқұжаттарын ұрлаған. 

Израильдің әрекеті

Нидерланд билігінің ақпаратына сілтеме жасаған Израиль Сыртқы істер министрлігі Амстердамда Тель-Авивтік «Маккаби» жанкүйерлеріне жасалған шабуыл салдарынан 10 израильдік жарақат алғанын хабарлады.

Ведомство мәлімдемесінде жарақат ауырлығы белгісіз екені айтылған. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі екі израильдіктің қазіргі уақытта байланыссыз екенін хабарлады және Израиль азаматтарына қонақ үйлерінен шықпауға кеңес берді.

Израильдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесі де осындай нұсқаулар беріп, қоғамдық орындарда адамдарды израильдік немесе еврей рәміздерін көрсетпеуге шақырды. Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен Гвир сыртқы істер министрі Гидеон Саар, Израиль қорғаныс министрі Катц және Израиль полициясымен «тұрақты байланыста» екенін айтты.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху голландиялық әріптесі Дик Схоофпен Амстердамда израильдіктерге жасалған шабуылды талқылады, деп хабарлады премьер-министр кеңсесі.

Нетаньяху Нидерланд үкіметінің елдегі барлық израильдіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуінің маңыздылығын атап өтті және Схоофке қасақана жасалған шабуылды қатаң қабылдайтынын айтты. Ол сондай-ақ Нидерландыдағы еврей қауымы үшін қауіпсіздікті күшейтуді сұрады. Израиль премьер-министрі антисемиттік деп атаған шабуыл туралы мәлімдемесі үшін Схоофке алғыс айтты.

Елдегі Израиль елшілігі мен Сыртқы істер министрлігінің операциялық орталығына қосымша телефон желілері қосылды. Израиль президенті Исаак Герцог Амстердамдағы израильдіктерге жасалған шабуылды «бостандық құндылықтарын қолдағысы келетін кез келген ел үшін ескерту белгісі» деп атады.

Ол Голландия билігі «шабуылға ұшыраған барлық израильдіктер мен еврейлерді қорғау, орналастыру және құтқару, сондай-ақ еврейлер мен израильдік азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықты барлық қажетті құралдармен жою үшін дереу әрекет етіп, барлық қажетті шараларды қабылдайтынына» сенім білдірді.

Кеше ғана қызметіне кіріскен Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Амстердамда израильдік футбол жанкүйерлеріне жасалған «жантүршігерлік, жабайы және антисемиттік» шабуыл «Еуропа мен әлем үшін дабыл қағуы» керек деді. 

Соңғы жаңалықтар