Израильдің Газа секторындағы мектепке жасаған соққысынан 18 адам, оның ішінде 6 БҰҰ қызметкері қаза тапты

  АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбі күні Газа секторының орталық бөлігіндегі Нусейрат босқындар лагеріндегі мыңдаған палестиналықтар баспана ретінде пайдаланатын мектепке шабуыл жасалып, 18 адам, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы палестиналық босқындар жөніндегі агенттігінің алты қызметкері қаза тапты, деп жазады AlJazeera.

Газа секторы
Фото: AA, Anadolu

Соққы Нусейрат босқындар лагеріндегі Әл-Жауни мектебіне жасалған. Куәгерлердің айтуынша, қаза тапқандар арасында лагерьде жасырынған палестиналық әйелдер мен балалар да бар. Сондай-ақ БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің (БАПОР) алты қызметкері, соның ішінде БАПОР-дың баспана менеджері мен қоныс аударғандарға көмектесетін топтың басқа мүшелері де қаза тапты.

— Бұл оқиға біздің қызметкерлер ең көп қаза тапқан соққы болды, — деп хабарлады БАПОР.

БҰҰ агенттігінің мәліметінше, соғыс басталғалы аталмыш мектепке  5 рет шабуыл жасалған. Оны 12 мыңға жуық босқын, әсіресе балалар мен әйелдер паналады.

БАПОР қақтығысқа қатысушы барлық тараптарды ешқашан мектептерді немесе олардың маңындағы аумақтарды әскери немесе жауынгерлік мақсатта пайдаланбауға шақырды. Мәлімдемеде мектептер мен басқа да азаматтық инфрақұрылымдар әрқашан қорғалуы керек және нысана емес екені атап көрсетілді.

— Газада ешкім қауіпсіз емес. Ешкімді аямайды, — делінген Х әлеуметтік желісіндегі БАПОР мәлімдемесінде.

Израиль қорғаныс күштері мектеп аумағында командалық орталық құрған және сол жерден шабуылдар жоспарлаған ХАМАС содырларын нысанаға алғанын айтып, бейбіт тұрғындарды қорғау үшін шаралар қабылдағанын хабарлады.

— Бейбіт тұрғындарға зиян келтіру қаупін азайту үшін көптеген шаралар қабылданды, соның ішінде жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілерді пайдалану, әуе бақылауы және қосымша барлау, — деді Израиль қорғаныс күштері.

Израиль әскерилері ХАМАС-ты палестиналық бейбіт тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдаланды деп айыптайды, ал ХАМАС оны жоққа шығарады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мектепке жасалған шабуылды халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу деп атап, оларды дереу тоқтатуды талап етті.

— Газада болып жатқан жағдай мүлде ақылға қонымсыз, — деді Гутерриш.

БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик бұл Газадағы соғыс басталғаннан бергі Газаның орталығындағы Нусейрат босқындар лагеріндегі бір мектепке жасалған бесінші әуе шабуылы екенін айтты.

— Біз бейбіт тұрғындарға, сондай-ақ БҰҰ нысандарына бағытталған барлық әуе шабуылдарын айыптаймыз, — деді Дюжаррик.

Газа секторындағы соғыс 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасап, Израильдің бағалауы бойынша 1200 адамды өлтіріп, 250-ге жуық адамды кепілге алған кезде басталды. Израильдің Газа секторына жасаған кейінгі шабуылы анклавтың денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 41 000-нан астам палестиналықтардың өмірін қиды.

Соңғы жаңалықтар