Израильдің Газаға шабуылынан БҰҰ-ның өңірлік ғимараты қирады

Израиль әскерінің Газа секторына әуеден жасаған шабуылы салдарынан палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыстарды ұйымдастыруға бағытталған БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігінің ғимаратына зақым келді. Kazinform бұл туралы Анадолыға сілтеме жасап хабарлайды.

палестина
Фото: Анадолы

Эр-Римал ауданындағы БҰҰ штаб-пәтері ғимаратына айтарлықтай залал келтірілген, делінген агенттік мәліметінде.

Газадағы БҰҰ қызметкерлерінің бәрі сол аумақтағы көрші ғимаратты паналағаны аталып өткен.

7 қазаннан бері жалғасып жатқан Израильдің Газа секторына шабуылынан БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігінің 2 қызметкері мен агенттіктің оқу ғимараттарында білім алып жатқан Палестинаның 5 азаматы қаза тапты.

Израиль-Палестина қақтығысы

Сенбі күні палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, ел соғыс жағдайына көшкеннен кейін бірқатар мемлекет азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырды. Бүгін, 10 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 16:45-те Израильдің Тель-Авив қаласынан Қазақстанға репатриациялық рейс ұшып шықты. 124 қазақстандық елге жеткізілетін болады.

Кеше ХАМАС Тель-Авивтегі әуежайға зымыран ұшырғаны белгілі болды. Сондай-ақ Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Газа секторы толық оқшауландырылғанын мәлім етті. Онда жарық, тамақ және отын жоқ.

Қазіргі уақытта Израиль әскері Газа секторындағы ХАМАС бекінісіне шабуылды жалғастырып жатыр. Әскерилер Палестина тұрғындарына Мысырға қашуды ұсынды.

Араб мемлекеттері лигасы Газа секторындағы жағдайға байланысты 11 қазанда шұғыл жиын өткізетіні белгілі болды. Сондай-ақ Еуропалық одақ елдерінің Сыртқы істер министрлері Израиль – Палестина қарым-қатынасының ушығуына байланысты шұғыл жиын өткізетіні хабарланды.

Израиль шабуылынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 770-ке дейін артты, деп хабарлады сейсенбі күні Газа денсаулық сақтау министрлігі. Министрлік ақпаратына сәйкес, жараланғандар саны 4 мың адамға жетті.

Израильдік БАҚ дерегі бойынша, Газа секторынан жасалған шабуылдардан мерт болған Израиль азаматтарының саны 1 мыңнан асқан.

Газада Израиль шабуылынан бұқаралық ақпарат құралдарының 7 өкілі көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар