Израильдің Иранға қарымта соққысы: әлемдік нарықтағы мұнай бағасы қалай құбылмақ

цены на нефть
Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Израиль Иранның 13 сәуірдегі шабуылына қарымта соққы жасады. Дәл осыдан кейін Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы мұнай бағасының өсуіне түрткі болары сөзсіз. Тіпті, 2024 жылдың ІІ тоқсанында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 130 АҚШ долларына жетіп қалуы да ықтимал. Таяу Шығыс өңірінде не болып жатқаны, аймақтағы ахуал қара алтын мен Қазақстанның ұлттық валютасына қалай әсер ететіндігі жайлы Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыздар.

Таяу Шығыстағы кезекті әскер текетірес

1 сәуірде Израильдің әскери-әуе күштері Сириядағы Иран консулдығының ғимаратына зымыранмен соққы жасап, соның салдарынан 7 адам, оның ішінде жоғары шенді 2 әскери қызметші мерт болғаны белгілі.

Тель-Авивтің дәл осы әрекеті Иран күштерінің Израильге қарымта соққы жасауына алып келді. 14 сәуір күні түнде Иран қарулы күштері 185 ұшқышсыз ұшу аппаратын, «жер-жер» санатындағы 110 қанатты зымыранын және 36 баллистикалық зымыранын ұшырды. Тегеран бұл әрекетін өзінің дипломатиялық өкілдігіне жасалған зымыран соққысына қарымта жауап екендігін ресми түрде мәлімдеді.

Иран Ислам революциясының Сақшылар корпусы Израильдегі нақты нысандарға қарсы ондаған ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандардың ұшырылғанын растады.

«Сионистік режимнің әртүрлі қылмыстарына, оның ішінде Иранның Дамаскідегі консулдық бөліміне жасалған шабуылға және Сириядағы еліміздің бірқатар командирлері мен әскери кеңесшілерінің өліміне жауап ретінде Ислам революциясының Сақшылар корпусы (ИРСК) аэроғарыштық күштері басып алынған территориялардағы белгілі бір нысандарды ондаған зымырандар және дрондармен атқылап, оқ жаудырды», - деп хабарлады IRNA агенттігі.

Израиль армиясы бас штабының басшысы Герци Халеви Израиль Иранның зымыран шабуылына жауап беретінін және оны қалай жасау керектігін шешіп жатқанын айтып отыр.

«Иран өз әрекетінің зардабын тартады. Тиісті жауапты таңдаймыз. ЦАХАЛ (Израильдің қорғаныс армиясы) кез келген қауіпке қарсы тұруға дайын», - деді ол.

Бұған қоса, Ормуз бұғазында жүк кемесін басып алынғаны жайлы ақпарат бар. Кейбір мәліметтерге қарағанда, аталған кеме Израильге тиесілі болуы ықтимал. Сонымен қатар Қызыл теңізде йемен хуситтерінің тобы Тель-Авивпен және батыс елдерімен байланысы бар кемелерге шабуылдарын күшейте түсті.

Вашингтон мәлімдемесіне қарағанда, соңғы уақытта Аден шығанағында сауда кемелері мен АҚШ Әскери-теңіз күштерінің кемесіне қарсы хуситтер 90-нан астам зымыран ұшырып, «камикадзе» дрондармен шабуыл жасаған.

Қызыл теңіз бен Ормуз бұғазындағы ахуал әлемдік экономикаға қалай әсер етеді

Қызыл теңіз – теңіз саудасы, әсіресе энергия тасымалдаушыларды тасымалдау тұрғысынан маңызды аймақ. Сондықтан аймақтағы теңіз тасымалына шабуылдардың күшеюі әлемдік экономиканың көрсеткіштерінде жылдам байқала бастайды. Қызыл теңіз арқылы контейнерлерді тасымалдау құны соңғы уақытта бірнеше есе өсіп отыр. Ал бұл аймақтағы сауда айналымының қысқаруына әкелді.

Йемендік хуситтер Израильдің Газа секторындағы әрекетіне кек алу үшін Қызыл теңіз айдынындағы сауда кемелеріне оқ жаудыруы біртіндеп әлемдік саудаға кері әсерін тигізіп, мұнайдың қымбаттауына әкеліп жатыр. АҚШ Әскери-теңіз күштері мен Еуропалық одақтастардың Қызыл теңіз аймағында шоғырланғанына қарамастан, хуситтерге қарсы операция айтарлықтай нәтиже бермей отыр.

Ормуз бұғазы арқылы шикізат жеткізу әлемдік мұнай ұсынысының бестен бір бөлігін құрайды. Әлемде тұтынылатын көмірсутектердің 20 пайызын тасымалданатын бұғаз арқылы мұнай жеткізудің ықтимал тәуекелдері мұнай бағасы төңірегінде елеулі дүрбелең тудырады. Жалпы, Таяу Шығыстағы жағдай мұнай бағасына барынша әсер ете беретіндігі сөзсіз.

Иранның әлемдік мұнай өндірісіндегі үлесі не бәрі 2-2,5 пайыз ғана. Алайда оның географиялық орналасуы стратегиялық маңызға ие. Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімінің тұрақсыздығы мұнай-химия саласында бағаның өсуін, тапшылықты және сұраныстың артуын қалыптастыруы мүмкін.

Ресейлік сарапшылардың пікірінше, егер қосымша геосаяси күйзелістер болмаса, онда екінші тоқсанда нарық тепе-теңдікке оралуы мүмкін және мұнай бағасы тұрақтанады. Бірақ, қазір жалпы геосаяси шиеленіс бүкіл Араб түбегінің айналасында қалыптасып отыр.

Сарапшылар мұнай баррелінің 30-40 долларға дейін қымбаттауын болжайды

Мұнайдың әлемдік бағасы 12 сәуір, жұма күні Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршу қаупі жоғары болған кезде барреліне 90,5 долларға (+0,8%) дейін өсті. Иран шабуылынан кейін әлемдік экономиканы бір ғана сұрақ мазалады – Израиль билігінің жауабы қандай болмақ. Ал бүгін Израиль Иранға қарсы соққы жасағаны белгілі болды. Бірқатар шетелдік сарапшы Израильдің Иран мұнай нысандарына қарсы соққысы болған жағдайда мұнай барреліне 100 доллардан оңай асып түсетінін атап өтеді. Бұл Ормуз бұғазы жабылған жағдайда баға кесімін барреліне 120-130 долларға дейін жеткізеді.

Қазіргі уақытта Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің құны – 87,5 доллар. Бұл – бір апта бұрынғыдан 2,5 пайызға төмен. Ал, WTI құны – шамамен 83 доллар, яғни 3 пайызға арзандады.

Сарапшылар тіпті таяу болашаққа да болжам жасау өте қиын екенін алға тартады. Қалай болғанда да, экономистер қысқа мерзімді өзгерістер Қазақстанға айтарлықтай әсер етпейтініне сенімді.

Қазақстанның валюта нарығындағы ахуал

Bank of America болжамына сәйкес, 2024 жылыдң ІІ тоқсанында-ақ Brent маркалы мұнай құны барреліне 130 долларға жетіп қалуы мүмкін. Егер Иран мен Израиль арасында бірнеше айға созылатын соғыс басталып, бұл жайт иран мұнайын жеткізудегі іркілістерге алып келсе, онда АҚШ-та өндірілетін мұнайдың WTI сұрыпының құны бірден барреліне 123 долларға дейін қымбаттап шыға келеді.

Толыққанды соғыс басталған жағдайда Ирандағы мұнай өндірісі тәулігіне 1,5 млн баррельге қысқаруы мүмкін. Осыдан кейін ОПЕК+ нарыққа көбірек мұнай жеткізе бастауы ықтимал. Бірақ бұл альянстың бос қуатын қысқартуға алып келеді. Нәтижесінде, 2025 жылы Brent маркасының бағасы барреліне 100 доллар деңгейінде қалады, ал WTI бағасы барреліне 93 доллар болады.

Жекелеген шолушылардың атап өтуінше, мұнайға әлемдік баға белгілеудің мұндай шарттары доллардың ұлттық валюталарға бағамын белгілі бір дәрежеде нығайта алады.

Өткен аптаның соңында ішкі нарықтағы сұраныстан шетелдік валюта ұсынысының асып түсуі USD/KZT орташа теңгерімді бағамының 1 АҚШ доллары үшін 448,06 теңге (-0,26 теңге) белгісіне дейін төмендеуіне әкелді. Қазақстан Ұлттық банкі 12 сәуір, жұма күні сауда белсенділігі 271,3 млн доллар (+13,3 млн) өскенін атап өтті.

Ұлттық банк мәліметтері бойынша, дүйсенбі, 15 сәуірдегі таңертеңгі сессияда USD/KZT жұбы бір доллар үшін 449,05 теңге деңгейінде саудаланды. Сонымен қатар, 19 сәуірдегі жағдай бойынша ұлттық валюта 1 АҚШ доллары үшін 447,4 теңгеге дейін нығайды.

Соңғы жаңалықтар