Израильмен арадағы шиеленіс Иран қазақтарына қалай әсер етті – Елші жауабы

Али Акбар Джоукар
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесуде өз еліндегі ұлты қазақ азаматтардың Қазақстанға қоныс аудару мүмкіндіктері туралы пікір білдірді.

«Иран мен Израиль арасындағы жағдай қайта ушығуы мүмкін бе? Сол маңға сапар жоспарлаған, қазір екі елдің бірінде кәсіп жүргізіп, оқу оқып жүрген Қазақстан азаматтарына Тегеран тарапының дипломаты ретінде қандай кеңес бересіз?» - деп сұрады БАҚ өкілі.

Иран Елшісі қазір Иранда жағдай тұрақты екенін айтады.

«Израильде жүрген қазақстандықтарға қатысты ештеңе айта алмаймын. Ал Иранға келсек, қазіргі таңда біздің елде «Иран ЭКСПО» дейтін биылғы ең үлкен сауда-экономикалық шара ұйымдастырылған. Ол жерде 117 мемлекеттің өкілдері, соның ішінде Қазақстаннан оннан астам адамнан құралған делегация қатысып жатыр. Кеше ғана осы көрме аясында Иран мен Қазақстан кәсіпкерлерінің кездесуі өтіп, адам мол жиналды. Қысқасы, Иранда жағдай қалыпты», - деді ол.

Кездесуде Ирандағы қазақ диаспорасының қазіргі ахуалы да сөз болды. 

«Ондағы ұлты қазақ Иран азаматтары Қазақстанға қоныс аударып, азаматтығын ауыстырғысы келсе, Тегеран тарапынан қандай да бір шектеу болуы мүмкін бе? Қазақстанға қайтқысы келетін ұлты қазақ Иран азаматтары болса, оларға ешқандай кедергі болмай ма?» - деп сұрады журналист.

Елші қандай да бір елде әскери, саяси оқиғалар болған кезде мұндай мәселенің ортаға шығуы қалыпты жағдай деп есептейтінін жеткізді.

«Ондай мәселе әр елде болады. Мысалы, Қазақстанда да дағдарыс жағдайы болса, біздегі азаматтар да сондай мәселелер көтеруі мүмкін. Бірақ Иранда жағдай қалыпты, ешқандай қауіп жоқ. Халықаралық шаралардың өзі кестеге сай өтеді. Еліміздегі шараларға әлем елдерінің 2 мыңнан астам өкілі қатысып жатыр. 

Иранның Гүлстан провинциясында ұлты қазақ ирандықтар тұратынын білесіз. Өткен аптада сол жерде Иран халықтарының мәдени фестивалі өтіп, ұлттық тағамдары, күрес түрлері көрсетілді. Сондықтан Иранда ешқандай алаңдаушылық жоқ. Ол жақта ешкімнің ешқайда көшкісі келмейді. Қазір екі елдің арасында 14 күндік визасыз режим бар. Сол арқылы екі елдің азаматтары қалаған уақыттарында келіп, кете алады. Сондықтан Иран қазақтарының арасында елден кету туралы алаңдаушылық бар деп ойламаймын. Израильге қарсы әскери операция болып жатқан кезде мен Иранда едім. Ол кезде де халықтың ішінде ешқандай алаңдаушылық болған жоқ», - деді Али Акбар Джоукар.

Соңғы жаңалықтар
telegram