Jeju Air апатынан қаза болған 179 адамның туыстары шенеуніктердің үстінен шағым түсірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қаза тапқандардың туыстары Оңтүстік Корея тарихындағы ең ауыр әуе апатына әкелген салғырттықты тергеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды BBC.

Өткен жылдың желтоқсан айында Jeju Air ұшағы апатында қаза тапқандардың туыстары 15 шенеуніктің үстінен шағым түсірді. Олардың арасында Оңтүстік Кореяның көлік министрі мен әуе компаниясының бас директоры бар.
Талапкерлердің пікірінше, қайғылы оқиға қылмыстық немқұрайдылық салдарынан болған.
Енді қаза тапқан 72 адамның туыстары апаттың себебін мұқият тексеруді талап етіп, бұл жай ғана жазатайым оқиға емес, «басқарудағы салғырттық және алдын алуға болатын тәуекелдерді елемеуден туындаған ауқымды азаматтық апат» болғанын айтып отыр.
Бес айға жуық уақыт өтті, бірақ билік ұшақтың Муан әуежайына шұғыл қонуы мен одан кейінгі өрттің ықтимал себептерін әлі де сараптап жатыр.
Қылмыстық іс соңғы шағым түскенге дейін қозғалды, Jeju Air бас директоры Ким И-бэге елден шығуға тыйым салынды. Олай болғанымен, бүгінгі күнге дейін ешкімге айып тағылған жоқ.
Үстінен шағым түсірілген 15 адамның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, әуе компаниясының қызметкерлері және аэродром аймағында құрылыс, техникалық қызмет көрсету, қадағалау және құстарды бақылауға жауапты әуежай қызметкерлері бар.
Сейсенбі күні түсірілген шағым апаттың мән-жайы туралы сұрақтарды қозғап отыр.
Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореядағы ұшақ апатынан борттағы 181 адамның 179-ы мерт болды.