Jibek Joly арнасында Астананың цифрлық жүйесі туралы фильм көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, қалалық қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр. Astana Smart City жүйесі 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасын, 18 қалалық қызметті және бірыңғай цифрлық платформаны біріктіреді.
Елордадағы ахуалдық орталықтың жұмысына арналған «Astana Smart City. Цифрлық қаладағы бір күн» атты деректі фильмнің анонсында жасанды интеллектінің мүмкіндіктері таныстырылады.
Атап айтқанда, жасанды интеллект түрлі оқиғаларды анықтауға, қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға және қалалық қызметтердің жұмысын үйлестіруге көмектеседі.
Сонымен қатар цифрлық технологиялар инженерлік желілердегі ақауларды тұрғындар шағым түсірмей тұрып анықтауға мүмкіндік береді.
Астананың ахуалдық орталығы қалай жұмыс істейді? Цифрландыру мегаполисті басқаруға қандай мүмкіндіктер береді? Осы және өзге де сұрақтарға жаңа деректі фильмнен жауап табуға болады.
Фильмнің тұсаукесері 1 желтоқсанда сағат 18:30-да Jibek Joly телеарнасында өтеді.