Jibek joly радиосында жаңа бағдарлама: Әуе толқынында «Кликбейт»

АСТАНА. KAZINFORM – Президент телерадиокешенінің құрамындағы Jibek joly радиосында жаңа авторлық жоба жарыққа шықты. «Кликбейт» деп аталатын бұл бағдарлама – Сырым Итқұловтың тың бастамасы. Әр жұмада эфирге жол тартатын бағдарламаның жүргізушісі «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, жаңа жобаны таныстырды.

новое радио
Фото: Kazinform

– Қазір ақпараттық дереккөз өте көп. Бірақ сенімге лайығы тым аз. Біреуі асыра сілтейді, біреуі тіпті шындықты жасырады. Сондықтан біз радио толқынында жалпылама жаңалықтарды айтып қана қоймай, заманауи, объективті, базалық журналистиканың принциптеріне негіздеп, халық назар аударатындай, қиын, күрделі ақпаратты жалпақ, жатық тілмен, барлық өңірге, әрбір тыңдарманға түсінікті болатындай етіп жеткізуді мақсат тұтамыз, – деді Сырым Итқұлов.

Сырым Итқұлов
Фото: Сырым Итқұловтың жеке мұрағатынан

Бағдарлама әуе толқынында әр жұма сайын хабар таратады. Ұзақтығы – 20 минут.

– Егер бұл жоба әр оқиғаға өзіндік ойымды білдіретіндей авторлық жоба секілді болса, уақыт өте келе бұл жобаның потенциалы жоғары болмақ. Түрлі қонақтардан сұхбат алып, подкаст секілді етіп, сонымен қатар сұхбатты видео форматта да жазып, оны бөлек YouTube арнасында, TikTok-та жариялауға болатынын көрдік. Кім біледі, болашақта теледидар көрмейтін, радио тыңдамайтын тыңдарман мен көрермен ең қызықты кликбейт тұстарын TikTok-тан көріп отыратын болар, – дейді журналист.

Сырым Итқұлов жеделдікті басты қағида санайды. Ол жаңалықты жылдам жеткізу ғана емес, оның шынайылығына көз жеткізу маңызды екенін айтады.

– Екі апта бұрын Таяу Шығыстағы ушыққан геосаяси жағдай болған кезде, түнгі 11-ден таңғы 4-ке дейін ұйықтаудың орнына Instagram-ға Stories салып, қысқа-нұсқа ақпарат таратып отырдық. Ол кезде нейросетьпен жасалған видеолар көп болды. Соның қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін анықтап, жедел хабарлап отырдық. Өзге БАҚ таңертең ұйқысынан оянған соң ғана осы ақпараттарды жариялап жатты, – дейді ол.

Журналист жобаның келешегіне үлкен үміт артып отыр.

– Қазір журналистикада бұрынғыдай «демалыс күн» деген жоқ. Біз радио толқынына аптасына бір рет қана шығамыз дегенмен де, бір аптаның ішінде болған өзекті жаңалықтарды тереңірек талдауға мүмкіндік береді деген ойдамын, – дейді Сырым Итқұлов.

Еске сала кетейік, Jibek Joly телеарнасы Silk Way Prime брендімен халықаралық нарыққа шықты. 

Соңғы жаңалықтар