Jibek Joly телеарнасы ағылшын тілінде жаңалықтар тарата бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Jibek Joly телеарнасы халықаралық желісінің («ҚР Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ құрылымына кіреді) жаңалықтары жаңа форматта эфирге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әдеттегі сюжетті ақпарат дайджестерінің орнына енді кәсіби ағылшын тілді жүргізушілер келді. Сонымен қатар арна өзінің басты ерекшелігі – көптілділікті сақтап отыр.
Көрермендер бұрынғыдай ағылшын тіліндегі түпнұсқадан бөлек, қазақ, орыс, қырғыз және өзбек тілдеріндегі аудиотректердің арасында теледидар көру тілін таңдай алады.

Жаңартылған жаңалықтар уақыты өзгерді, арнаның астаналық студиясынан күніне 6 рет (15:00, 18:00, 21:00, 00:00, 03:00, 06:00) шығады.
Күннің бірінші жартысындағы жедел жаңалықтар «Басты жаңалықтар» айдарымен сағат 12:00, 13:00 және 14:00-де жаңартылады.
Жаңалықтар бағдарламаласы Jibek Joly арнасының сигналы қолжетімді шет елдердің прайм-таймына бейімделген.

Бүгінде арнаның көрермені - төрт құрлықтағы 120-дан астам елдің тұрғындары.
Телеарна 2002 жылдың 25 қазанында Caspionet брендімен хабар тарата бастады. Соңғы жылдары ол тек шетелдік аудиторияға арналды. Арна мазмұны - 100% қазақстандық өнім.
Бағдарламалар бірнеше тақырыптық бағыттар бойынша ұсынылған:
1) саясат және аймақтық бағыт;
2) экономика, бизнес және инвестициялар;
3) туризм және саяхат;
4) қоғам, адамдар және тұлғалар;
5) мәдениет, дәстүр және тарих.
Jibek Joly аптасына 7 күн, 24 сағат 5 тілде хабар таратады.