John Deere компаниясының басшысы: Қазақстанда өте маңызды серіктестік орнатып жатырмыз

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында және «C5+1» бастамасының 10 жылдығына арналған іскерлік конференция барысында ауыл шаруашылығы машина жасау саласында өнеркәсіптік кооперацияны құру және дамыту туралы Стратегиялық келісімге қол қойылды. Бұл жайында Кazinform агенттігінің меншікті тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Kazakhstan signs $2.5bn strategic agreement with John Deere
Фото: Рүстем Кожыбаев/Kazinform

Құжатқа Қазақстан жағынан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, «Агромашхолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова, сондай-ақ Eurasia Group AG өкілдері Мұстафа Захин, Сергей Глокке, Тимур Адайұлы, ал АҚШ тарапынан «John Deere Walldorf International GmbH» бас директоры Чабо Лейко қол қойды.

Kazakhstan signs $2.5bn strategic agreement with John Deere
Фото: Рүстем Кожыбаев/Kazinform

Осы құжат аясында 5 жыл ішінде «Агромашхолдинг KZ» АҚ базасында John Deere-дің 3 мың ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, сервистік орталықтар мен инфрақұрылымды, қосалқы бөлшектерді жеткізу жүйесін құру, цифрлық технологияларды енгізу және бұл салада инженер және техникалық кадрларды даярлау қарастырылған. Өнеркәсіптік кооперацияның жалпы сомасы 2,5 млрд доллар.

- Жаңа келісім өндірістік мүмкіндіктерді едәуір кеңейтуге және отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың технологиялық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан мемлекеттік өнеркәсіптік саясат аясында осы жобаны іске асыруды қолдауды қамтамасыз етуге дайын, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

John Deere және АгромашХолдинг KZ-нің өнеркәсіптік кооперациясы жобасы биылғы мамыр айында іске қосылғаны атап өтілді. Бүгінде 37,6 млрд теңге сомасына 292 техника шығарылған. Стратегиялық келісім өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды және негізгі компоненттерді оқшаулауды дамытуға бағытталған.

Шүкіржанова
Фото: Рүстем Кожыбаев/Kazinform

«Агромашхолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова Қостанайда «Агромаш» зауытында Қазақстанмен бірлескен өндірісі бар John Deere компаниясымен арадағы келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өтті. Келісімшарт 5 жылға 2,5 млрд доллар сомасына көпжылдық ынтымақтастықты қамтып отыр. Осы орайда тараптар Қазақстан нарығына жоғары технологиялық техниканы жеткізуге, екі ел арасында өнеркәсіптік кооперациялар құруға, сондай-ақ John Deere зауыттарында қазақстандық инженерлерді оқыту бойынша міндеттемелерді орындауға уағдаласты.

Бұл ұзақ мерзімді ынтымақтастық бойынша Қазақстан жоғары білікті инженерлерді оқытып, ауыл шаруашылығы техникасының ең ірі өндірушісімен серіктес болады.

– John Deere компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту - Қазақстанда заманауи ауыл шаруашылығы техникасының кешенді өндірістік және сервистік экожүйесін қалыптастыруға жасалған қадам. Біз машиналарды шығару туралы ғана емес, сонымен қатар инженерлік және технологиялық кластер құру, құзыреттерді дамыту, сервис сапасы мен техниканы пайдалану мәдениетін арттыру туралы айтып отырмыз. Бұл уағдаластық фермерлік шаруашылықтардың тиімділігіне тікелей әсер етеді және еліміздің аграрлық секторын дамытатын инженерлік кадрлардың жаңа буынын дайындауға мүмкіндік береді, – деді «Агромашхолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова.

«John Deere Walldorf International GmbH» бас директоры Чабо Лейко «John Deere» компаниясы Қазақстанда өз жұмысын бастағанына өте қуанышты екенін айтты

Лейко
Фото: Рүстем Кожыбаев/Kazinform

- Қазақстанмен өте берік серіктестік қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Бұл ретте, қазақстандық ауыл шаруашылығына барынша тиімді және экологиялық таза тәсілмен жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін өндіруге көмектесеміз. Сондықтан Қазақстан біз үшін өте маңызды нарық саналады, – деді Чабо Лейко.

Компания Қазақстанға қомақты инвестиция салып жатыр. 14 облыста сауда желісін ашып, сервистік оқу орталықтары мен қосалқы бөлшектер дүкендерін жасақтаған. John Deere 90 млн доллардан астам сомадағы жабдыққа инвестиция салды.

Компания Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруға инвестиция салуды жалғастырып келеді. Жаңа технологияларды енгізу Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде жергілікті деңгейде салаға қажет озық жабдықтар шығаруға ықпал етеді.

Адами капиталға салынған инвестиция аясында компанияның дилерлерінде 600-ден астам жоғары білікті және жоғары жалақы алатын маман жұмыс істейді. Олар Қазақстанда да, шетелде де білім алған.

Чабо Лейко «5+1» форматындағы кездесу Орталық Азия мен Қазақстанның АҚШ үкіметі үшін қаншалықты маңызды екенін байқатып отырғанын атап өтті. Осы орайда ол Қазақстан экономикасының дамуына және қазақстандық фермерлер әлемдегі үздік технологияларға қол жеткізуіне тілектес екенін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесті.

Соңғы жаңалықтар