БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Сирия президентіне қарсы санкцияларды алып тастады

АСТАНА.KAZINFORM - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бейсенбі күні Сирияның қазіргі президенті Ахмад аш-Шараа мен Ішкі істер министрі Анас Хаттабты ДАИШ пен Әл-Қаида (Қазақстанда тыйым салынған ұйымдар – ред.) ұйымдарына қарсы санкциялар тізімінен алып тастау туралы қарар қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Совбез ООН снял санкции с президента Сирии
Фото: Anadolu Ajansi

БҰҰ мәліметі бойынша, бұған Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесінің 14-і қолдап дауыс берді. Қытай қалыс қалды.

Қарар мәтінінде «Сирия Араб Республикасының егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық бірлігін толық құрметтеуге деген міндеттемелерін» қайта растайтыны айтылған.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері сонымен қатар «Сирия Араб Республикасының ұзақ мерзімді қалпына келуіне, тұрақтылығына және экономикалық дамуына ықпал ету ниетін» мәлімдеді.

Сонымен қатар, құжатқа сәйкес, мұндай күш-жігер ДАИШ және Әл-Қаида (Қазақстанда тыйым салынған ұйымдар – ред.) ұйымдарына қарсы санкциялар режимінің тұтастығы мен тиімділігіне әсер етпеуі керек.

Қарар терроризмге қарсы тұрудың, адам құқықтарын қорғаудың, гуманитарлық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етудің және Сирия басқаратын саяси процесті ілгерілетудің маңыздылығын қайталайды.

Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Сирия президенті Башар Асад биліктен кетті.

Ал 2025 жылдың қаңтар айының соңында Ахмад аш-Шараа ресми түрде Сирияның уақытша президенті болып жарияланды.

Біз бұған дейін Сирия президентінің 1967 жылдан бері алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум