Қ. Бозымбаев: Облыста апатты мектептердің саны өсуде

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанынндағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
«Өкінішке қарай, бүгінгі таңда өңірде 19 апатты жағдайдағы мектеп бар және олардың саны өсуде. Өйткені, облыстағы 458 мектептің 94 саманнан салынған. Сондықтан, бұл өзекті мәселені шешу бағытында бірқатар ауқымды шараларды қолға алдық»,-дейді әкім.
Белгілі болғандай, 2009-2012 жылдар аралығында облыста құрылыс және қайта жаңғырту есебінен 18 мектеп пайдалануға берілді. Оның 12 апатты жағдайдағы және 5 мектеп үш ауысымды мектептердің орнына тапсырылды.
«Тек биылдың өзінде, облыста 12 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 8 апатты және 2 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілетін болады»,-деді Қ. Бозымбаев.