Қ.Қасымов Алматыдағы теракт бойынша ресми ақпараттың неліктен кеш жарияланғанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 18 шілде күні таңертең орын алған Алматыдағы терактіге қатысты ресми ақпараттың неліктен кеш жарияланғанын айтты.

Қ.Қасымов Алматыдағы теракт бойынша ресми ақпараттың неліктен кеш жарияланғанын айтты

«Біз алғашқы атыс туралы ақпаратты Алмалы АІІБ-нан алдық, кейін Никольск базарының маңындағы атыстан хабардар болдық, сосын ҰҚКД жанындағы дүрбелең, Абай көшесіндегі метро маңындағы атыс, сонан соң Абылай хан көшесіндегі атыс жөнінде мәліметтер ала бастадық. Әрине оның бұл жерлерге қалай жеткенін біз білмедік, себебі екінші көліктің жүргізушісін кеш анықтадық. Біз екінші содыр автоматпен бірге қашып кетті деп ойладық. Соңыра біз ол автоматты содыр тастап кеткен жерден тауып алдық. Сондықтан мәліметтерді ұзақ тексердік», - деді министр бүгін Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, 18 шілде күні 12:20 минутта Алматыда лаңкестік қаупінің «қызыл» деңгейі енгізілген болатын. Оған Алматыда АІІБ мен ҰҚКД бөлімшелеріне жасалған шабуылдар мен көшедегі полиция қызметкерлерімен болған атыс себеп болды. Содырдың әрекетінен 4 полицей мен 2 бейбіт тұрғын қаза тапты. Қазіргі уақытта қылмыскердің аты-жөні белгілі. Ол 1990 жылы туған Руслан Күлікбаев болып шықты.

Айта кетелік, қанды оқиға ҚР Қылмыстық Кодексінің «Лаңкестік», «Билік өкіліне қарсылық көрсету» және «Мемлекеттік нысандарға шабуыл жасау» баптары бойынша қаралуда.