10:17, 09 Қазан 2013 | GMT +5
Қ. Көшербаев Байқоңыр делегациясын қабылдады
ҚЫЗЫЛОРДА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Кеше кешке Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қала күнін тойлауға келген Байқоңыр делегацияны қабылдады.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады. Кездесуде аймақ басшысы облыстың экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны туралы айта келіп, Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығына тоқталды. Екі ғасырдың куәсі болған Сырдария жағасындағы шаһардың мерейтойы барша облыс халқына ортақ. Бірінші болып «жұлдызды қалашықтан» келген қонақтар тарту жасады. Байқоңыр қалалық әкімдігі басшысының міндетін атқарушы Анатолий Петренко облыс әкіміне аттас кешенді бірлесіп пайдалану жөніндегі «Жол картасын» қорғап шығуда қолдау танытқаны үшін ризашылығын білдірді. «Өткен жылы Қызылордада Байқоңыр қаласының күндерін ұйымдастырғанбыз. Осы шара дәстүрлі түрде жалғасын табатынына сенімдімін», - деді ол. Делегацияны бастап келген А.Петренко Қ.Көшербаевқа естелік сыйлықтар табыс етті. Қабылдауда өңір басшысы 13-14 қараша күндері облысымызда «Байқоңыр» деген атаумен ІІ инвестициялық форум өтетінін жеткізді.