К.Мәсімов әуежайлардағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды
«Барлығымыз да Түркия әуежайында теракт болғанын білеміз. Біз қазір бұл мәселеге баса мән бере қараудамыз. Осы ретте Жеңіс Махмұтұлы, сіздің ұстанымыңызды білгім келеді», - деді Үкімет басшысы еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке қарата.
«Кәрім Қажымқанұлы, біз мәселені айрықша бақылауда ұстап отырмыз. Сіз 15 маусымда тапсырма берген едіңіз, соның қорытындысына сәйкес біз барлық әуежайларға күнделікті бақылау жүргізуге нұсқау бердік. Барлық әуежайлардағы тексеру желісін толығымен күшейтуді тапсырдық. Қазір барлық әуежайларда бастапқы тексеру желісі бар. Әуежайлардың бүкіл төңірегіндегі қауіпсіздік шараларын Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып күшейттік. Бұған қоса, күш-қуат органдарымен бірнеше кеңес өткізіп, тұрақты рейстер қабылдайтын 20 әуежайдың қосымша тексеру, бейнебақылау құрылғыларына қажеттілігін анықтадық. Бұл ұсынысты Қаржы министрлігіне жібердік. Апта ішінде бұл ұсынысты сіздің қарауыңызға енгіземіз деп жоспарлаудамыз», - деді Ж.Қасымбек.