17:52, 07 Шілде 2016 | GMT +5
К.Мәсімов Қызылорда облысының басшылығын суармалы жерлерді енгізуде белсенділік танытуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында су шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өткізді.
К.Мәсімов суарылмайтын жерлермен салыстырғанда, суармалы жерлер өнімділігі жағынан 8-10 есе артық болатынын атап өтті. Сәйкесінше, олардың айналымға енгізілуі ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің артуына ықпалын тигізуі мүмкін, бұл экономиканың бүгінгі таңдағы негізгі міндеті болып табылады. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің айтуынша, сарапшылардың бағалауы бойынша суармалы жерлердің әр 1000 гектарына егілетін дәнді дақыл түріне қарай 60-тан 200-ге дейін адамды жұмыспен қамтуға жол ашылады.
К.Мәсімов ирригациялық жобаларды жүзеге асыруда халықаралық қаржы ұйымдарының мүмкіндіктері мен кәсіпкерлерді тарту үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттарын барынша пайдалану қажеттігін айтты.