К.Мәсімов: Тәуелсіздіктің 20 жылдығы. Шығыс Қазақстан облысы. Өнеркәсіп
Үкімет басшысының хабарлауынша, тәуелсіздік жылдары Шығыс Қазақстан облысының индустриялық секторында айтулы өзгерістер орын алды. Өндірістің көлемі 8 есеге өсіп, 642 млрд теңгеге жетті, сала жұмысшыларының жалақысы 10 есеге өсті, еңбек өнімділігі 18 мыңнан 8 млн. теңгеге дейін артты. 170 өнеркәсіптік кәсіпорында 80 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Шығыс Қазақстан облысы пайдалы қазбалардың «қазынасы» болып табылады және республикамызда тек осында ғана мырыш, титан, магний, тантал, басқа да сирек металдар өндіріледі. Дәл осы жерде 1992 жылдың қаңтар айында тәуелсіз Қазақстанның алғашқы алтыны балқытылған болатын.
Тәуелсіздік жылдары облыста Малевский, Артемьевский және Юбилейный-Снегерихинский кеніштері мен Секисов тау-кен кәсіпорны, Қаражыра көмір разрезі, «Даңқ» ЖШС мен «Тасқара» ЖШС-нің алтын өндіруші кәсіпорындары сияқты ірі өнеркәсіптік нысандар іске қосылды. Қазір Ақтоғай кен байыту комбинатының құрылысы жүргізілуде, бұл нысан жылдық қуаты 400 мың тонна мыс концентратын құрайтын ТМД-дағы ең ірі кәсіпорын атанбақ.
Бүгінде кен өндіру саласында өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсімі 115,9 млрд теңгеге жетіп отыр, бұл осыдан жиырма жыл бұрынғы көрсеткіштен 11 есеге көп. Өңір қойнауында бағалы металдардың 50-ден астам кеніші шоғырланған.
Өңдеуші өнеркәсіпте тауар өндірісі сегіз есеге өсіп, 463 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта салада 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның 25-ке жуығы - металлургия, машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі және құрылыс индустриясы салаларын қамтитын жаңа кәсіпорындар.
«Қазмырыш» ЖШС, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Үлбі металлургиялық комбинаты» АҚ - түсті металлургияның жүйеқұрушы кәсіпорындары болып табылады. Өткен 20 жылда оларда өндіріс көлемі 8,4 есеге өсіп, 265,2 млрд теңгеге жетті.
Шығыс Қазақстан облысы отандық машина жасау индустриясының көшбасшысы болып табылады. «Азия-Авто» АҚ (жеңіл автокөліктер), «СемАз» ЖШС (ауыл шаруашылығы техникалары), «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС (автобустар) кәсіпорындары әлемдік нарықта бәсекеге ие өнімдер шығаруда. Бүкіл республиканың машина жасау саласында жасалатын техниканың 80 пайызын өңірдің 18 кәсіпорны шығарады.
Қосымша мәліметті www.pm.kz сайтынан көріңіздер.