Қ.Саудабаев Алматыда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуін өткізуді ұсынды

Бұл ұсынысты ол Австрия сапарының барысында, сейсенбі, қаңтардың 12-сі күні жасады, деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.
Қазақстанның дипломатиялық ведомствосының басшысы Венада Австрия Республикасының еуропалық және халықаралық істер жөніндегі министрі Михаэль Шпинделеггермен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қазақстан-австрия ынтымақтастығын және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды әрі қарай дамыту мәселелерін талқылады.
Қ.Саудабаев австриялық әріптесін Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының негізгі басымдықтары туралы хабардар етті, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы әңгімелеп берді. Сондай-ақ ауған проблемасын да қамтыған аймақтық қауіпсіздік тақырыбы талқыланды.
М.Шпинделеггер өз кезегінде, ресми Венаның Астананың осынау лауазымға берген өтінішін алғашқылардың бірі болып қолдағанын және оның қазақстандық бастамаларды қолдай отырып, осынау беделді ұйымның арасындағы тығыз өзара іс-қимылға үміт артатынын атап көрсетті.
Келіссөз қорытындысы бойынша сондай-ақ инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойды.