Қ.Саудабаев Вашингтонда таратпау саласында АҚШ-пен ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесулер өткізді

«Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінің директоры Қанат Саудабаев таратпау саласында АҚШ-пен ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесулер өткізді.
ЖҚҚ-ны қолданған лаңкестік пен Жаппай қырып-жою қаруының қаупін қысқарту жөніндегі АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бас директоры Лор Холгейтпен кездесу барысында сұхбаттасушылар таратпау саласындағы екі ел ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегін талқылады.
2012 жылы наурызда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Сеул саммиті барысындағы ҚР мен АҚШ Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың кездесуі ядролық қауіпсіздік мәселелеріндегі екіжақты қарым-қатынастың барлық кешеніне маңызды серпін бергені атап көрсетілді. Сұхбаттасушылар Сеул саммитінде бұрынғы Семей ядролық полигонының инфрақұрылымын жоюдағы негізгі жұмыстардың аяқталғанын көрсеткен Қазақстан, Ресей және АҚШ Президенттерінің үшжақты мәлімдемесінің символдық мәні мен маңыздылығын да атап кетті.
Қ.Саудабаев сұхбаттасын таратпау саласындағы Қазақстанның жаңа бастамаларымен, соның ішінде таяуда ҚР Президенті Н.Назарбаев жариялаған АТОМ Жобасы туралы да хабардар етті. Ядролық қаруды сынауға мүлдем тыйым салу және әлемдегі осындай қарудан бас тарту идеясын жаһандық көпшілік қолдау табуы үшін бұл Жобаның мәні Мемлекет басшысы деңгейінде ұсынылған және жүзеге асырылған саяси бастаманы қолдауда маңызды болатындығы атап өтілді. Л.Холгейттің атап көрсеткеніндей, АҚШ Президенті Ядролық қарудан азат әлемді құру мақсатындағы 2009 жылғы өзінің прагалық сөзіндегі мәлімдегенін нық қуаттай отырып, Вашингтонда да осы саладағы Қазақстанның қосқан үлесі мен көшбасшылығын бағалайды.
Сұхбаттастар Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) аясындағы төмен байытылған уран отынының халықаралық банкін құру мәселесінің жай-күйі мен алдағы қадамдарын талқылады. Қазіргі уақытта ҚР Президентінің ұсынысымен және МАГАТЭ-нің шешіміне сәйкес, банкті Қазақстанда құру үшін құқықтық базасын жасайтын қабылдаушы тараппен, келісім бойынша осылай аталатын Қазақстанмен МАГАТЭ-нің арасында келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі.
Сонымен қатар, Вашингтонда Қ.Саудабаевтың «Вашингтон пост» газетінің редакторы әрі АҚШ пен Кеңес одағының ядролық қарсылығының тарихын және содан кейінгі АҚШ-тың Қазақстанмен және бұрынғы КСРО-ның басқа елдерімен жаппай қырып-жою қаруын жоюдағы ынтымақтастығын баяндайтын танымал «Мертвая рука» кітабының авторы Дэвид Хофманмен кездесуі өтті. Қ.Саудабаев сұхбаттасын өзі басқаратын ҚР Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау комиссиясының қызметінен және осы саладағы АҚШ-пен ынтымақтастығының келешегінен хабардар етті.