Қ.Саудабаевтың Норвегия СІМ Мемлекеттік хатшысы Торгер Ларсенмен кездесуінде екі елдің жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау саласындағы өзара ықпалдастықтың өзек­ті мәселелері талқыланды

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі комиссия төрағасы, Орталық директоры Қ.Саудабаев кеше «Назарбаев орталығында» Норвегия Сыртқы істер министрінің Мемлекеттік хатшысы Торгер Ларсенмен кездесті.

Қ.Саудабаевтың Норвегия СІМ Мемлекеттік хатшысы Торгер Ларсенмен кездесуінде екі елдің жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау саласындағы өзара ықпалдастықтың өзек­ті мәселелері талқыланды

 Сұхбаттастар екі елдің жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау саласындағы өзара ықпалдастықтың өзек­ті мәселелерін екіжақты, сондай-ақ жаһандық деңгейде талқылады, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Қ.Саудабаев: «Біздің мемлекеттеріміз қару таратпау және қарусыздану үдерістерінде ортақ көзқараста және тиісті халық­ара­лық үдерістердің белсенді қа­ты­сушылары болып табылады. Соң­ғы жылдары Қазақстан мен Норвегия саяси, сондай-ақ ғы­лыми-техникалық қарым-қаты­нас­тарын едәуір нығайтты. Осы ынтымақтастығымыз қару таратпау мен қарусызданудың жаһан­дық режімін нығайтуға лайықты үлес қосатынына сенімдімін», деді өз сөзінде.

Өз кезегінде Т.Ларсен: «Президент Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу, қуат­ты ядролық арсеналдан бас тарту жөніндегі шешімдері мен Қа­зақстанның іс-қимылдары бүкіл әлемге дем берді және өзге елдер үшін болашаққа жол салды. Қазақстан мен біздің елімізді ядролық қарудан азат әлем құ­руға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді және біз оны нақты істермен нығайтып келеміз», деді.

Соңғы жылдарда Қазақстан мен Норвегия осы тақырыпқа арналған бірқатар ірі халық­аралық іс-шаралар өткізуде, БҰҰ аясында өзара белсенді іс-қи­мылдар жасауда. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы Гео­физикалық зерттеулер инсти­туты мен Ядролық сынақтарға жап­пай тыйым салу туралы шарт­тың (ЯСЖТШ) орындалуын бақылау аясында мәліметтер ор­талығы болып табылатын «NORSAR» норвег орталығы ара­сындағы ынтымақтастық та­бысты дамып келеді. 2010 жылы Алматыда ҚР ҰЯО ҒЗИ жа­ны­нан ЯСЖТШҰ қолдау жөнінде Халықаралық оқу орталығы ашыл­ды. Астанада өткен кешегі ғылыми-практикалық семинар да ядролық қауіпсіздік мәселеле­ріне арналды.

Сұхбаттастар сондай-ақ Қа­зақ­станда 27-29 тамыз күндері Қазақстан Парламенті, «Назарбаев орталығы» және Ядролық таратпау және қарусыздануды жақтайтын Парламентарийлер одағы бірлесіп ұйымдастыратын «Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарудан азат әлемге» халықаралық конферен­ция­сына Норвегия Стортингі (Парламенті) уәкілетті өкіл­де­рі­нің қатысу мәселесі талқыланды.

Келіссөздер нәтижесі бойын­ша тараптар «Назарбаев орта­лығы» мен Норвегиядағы тиісті құрылымдар арасында қару таратпау саласындағы ынтымақ­тас­тықты жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізді.