Қ. Тоқаев: Қазақстан мен Қытай қатынастарды «нөлден» стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді

Мемлекеттік Кеңестің Премьері Ли Кэцянмен әңгіме кезінде Қ.Тоқаев Қазақстан Қытаймен стратегиялық әріптестік қатынастарын дамытуға зор маңыз беретінін атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы қыркүйекте Ханчжоудағы «Үлкен жиырмалық» саммитіне сапары, сондай-ақ форум аясындағы маңызды екіжақты уағдаластықтарда қол жеткен нәтижелер оны дәлелдей түсті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, биылғы қарашада қытай премьері Ли Кэцяннің Қазақстанға сапары екі елдің өнеркәсіп және технология салалары бойынша бірлескен жобаларын іске асыру бағытында өте табысты болды. Төраға «100 нақты қадам» Ұлт жоспары реформаларын іске асыру туралы қытай тарапын хабардар етті.
Премьер Ли Кэцяннің пікірінше, Қазақстан мен Қытайдың жоғары заң шығару органдары екі ел арасындағы заң базасын, жемісті ынтымақтастықты және гуманитарлық байланыстарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Қазақстандық сенаторлардың сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты одан әрі нығайтуға жаңа үлес қосатын болады. Ли Кэцян өзінің таяудағы Қазақстанға сапарының нәтижелерін де жоғары бағалады.
ҚХР Халықтар жиналысы үйінде Қ.Тоқаев Халық өкілдері бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжан Дэцзянмен келіссөз жүргізді. Сенат Төрағасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуы қарсаңындағы парламентаралық кездесудің ерекшелігін атап өтті. «Қазақстан мен Қытай қатынастарды «нөлден» стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін қалыптастыра алды. Бұл - екі мемлекет басшыларының үлкен еңбегінің нәтижесі», - деді Қ.Тоқаев.
Төрағаның айтуынша, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат пен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының түйісуі көлік, логистика, инфрақұрылым, сауда, инвестиция, мәдени-гуманитарлық және өзара іс-қимылдың басқа да салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал етеді.
ХӨБЖ Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжан Дэцзян ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы бірқатар ұсыныстар айтты. Ең алдымен, оның пікірінше, екі мемлекетке, әсіресе, күрделі халықаралық ахуалды ескере отырып өзара саяси қолдауды нығайту қажет. Бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін күш-жігерді іс жүзінде ұлғайту маңызды. Қытайда Жібек жолының экономикалық белдеуі мен Азия Инфрақұрылымдық инвестиция банкін құру туралы Си Цзиньпиннің бастамасын Қазақстанның бірінші болып қолдағанын жоғары бағалайды. Чжан Дэцзяннің айтуынша, Қазақстан Қытайдың Еуразиядағы ірі экономикалық әріптестерінің біріне айналды. Қытай парламентінің басшысы гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, ғалымдарды, оқытушылар мен студенттерді алмасу қажеттігіне егжей-тегжейлі тоқталды.
ХӨБЖ Тұрақты комитетінің Төрағасы саяси консультацияларда, заң шығару саласында пікір алмасуда, ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауда парламентаралық диалог маңызды арна екенін атап өтті. Ол Қазақстанға сапармен келуге шақыруды ризашылықпен қабыл алды.
Кездесу барысында қытай басшылары Президент Н.Назарбаевқа және Қазақстан халқына Тәуелсіздік мерейтойына байланысты ізгі тілектерін жолдады.
Бейжіңде Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев Қытайдың Орталық теледидарының (CCTV) штаб-пәтерінде болып, ағылшын тіліндегі «Диалог» бағдарламасының белгілі жүргізушісі Ян Жуймен кеңінен сұхбаттасты. Журналисті Қазақстан мен Қытайдың саяси және экономикалық байланыстарының даму келешегі, аймақтық экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларға Астананың қатысуы туралы Қ.Тоқаевтың пікірі қызықтырды. Одан басқа, Төраға жаһандық геосаяси бәсекелестіктің шиеленісуі жағдайында халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері туралы өз ойларымен бөлісті.