Қ. Тоқаев: Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі - халқымыздың ұлы жеңісі, теңдесі жоқ тарихи оқиға

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі халқымыздың ұлы жеңісі, теңдесі жоқ тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан қол жеткізіп отырған теңдессіз жетістіктер Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты мен қажырлы еңбегінің көрнекті нәтижесі. Еліміз татулық пен тұрақтылықтың, өзара сыйластық пен бейбіт өмірдің мекеніне айналып, дамудың даңғыл жолында келеді. Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы мәртебесі күннен-күнге өсуде», - деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді көздейтін Мемлекет басшысының «Қазақстан - 2050» Стратегиясы жаңа реформалар мен экономикалық серпіліс жасауға зор мүмкіндік туғызатынын атап өтті.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ сенаторлар мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын.
Сенаторлар Талғатбек Абайділдин, Иран Әміров, Ақан Бижанов, Светлана Жалмағамбетова, Ермек Жұмабаев және Ерлан Нығматулин «Парасат» орденінің иегерлері атанды.
Парламент Сенаты Аппаратының бөлім меңгерушісі Ерлан Сапаров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сенат Аппаратының бас консультанттары Қадыржан Арыстанов, Рахима Бектібаева, Дәурен Жүсіпов Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Одан басқа, жоғарғы Палата Бюросының Қаулысымен Аппараттың бірқатар қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы берілді.