Кабулда Әзербайжанның қолдауымен кілем тоқу оқу орталығы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM –  Кабулда дәстүрлі қолданбалы өнерді сақтау және әйелдердің жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған кілем тоқу оқу орталығы салтанатты түрде ашылды. Жоба Әзербайжан үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Кабулда Әзербайжанның қолдауымен кілем тоқу оқу орталығы ашылды
Фото: Азертадж

Ресми ашылу рәсіміне Әзербайжанның Ауғанстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ильхам Мамедов, Ауғанстан үкіметінің өкілдері және Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) мүшелері қатысты.

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жоба СІМ жанындағы Әзербайжанның халықаралық даму агенттігі (AIDA) арқылы қаржыландырылып, ИЫҰ-ның Ауғанстандағы өкілдігі және Ауғанстанның Еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылған.

Орталықта төрт шеберхана бар. Олар 20 тоқу станогімен, қажетті құрал-жабдықтармен және бір жылға жететін шикізат қорымен жабдықталған. Мұнда бір уақытта 80-ге дейін әйел білім алып, өзіне табыс көзі болатын қолөнер дағдыларын меңгере алады деп күтілуде.

Ауғанстанның еңбек министрінің орынбасары Әлхадж Маулави Әзербайжан мен ИЫҰ-ға ауған шеберлік дәстүрлерін сақтауға және аз қамтылған отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

ИЫҰ-ның Ауғанстандағы өкілі Мұхаммед Саид әл-Айяш бұл жоба тек қолданбалы өнерді дамытуға ғана емес, ұйымға мүше елдердің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да үлес қосатынын атап өтті.

Өз сөзінде елші Ильхам Мамедов Әзербайжанның Ауғанстанда бірқатар гуманитарлық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырғанын және елді дамытуға бағытталған күш-жігерді қолдауды жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ, ол 2026 жылы өтетін ИЫҰ саммитінде Әзербайжанның төрағалығы қарсаңында халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Еркін Тұқұмовқа Ауғанстанмен ең алдымен сауда-экономикалық және гуманитарлық салаларда тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюды тапсырды

Соңғы жаңалықтар