Кабулда Қазақстанның алғашқы сауда үйі ашылды

Ауғанстан Ислам Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Өміртай Бітімовтің айтуынша, екі ел арасында сауда байланыстарын дамыту түрлі сауда орталықтарын ашу арқылы жандана түседі. Бұл ретте Кабулде сауда үйінің ашылуы екі ел кәсіпкерлері үшін тығыз байланыстар орнатуға негіз болмақ. «Ауғанстан үкіметі Қазақстанмен сауда қатынастарын дамыту арқылы үлкен экономикалық өсімге қол жеткізеді деп сенеміз. Жалпы Қазақстан мен Ауғанстан арасында көпжылдық сауда қатынастары жолға қойылған. Осыған байланысты біздің еліміз азық-түлік импорттары үшін тамаша балама бола алады», - деді Елші.
Айта кетерлігі, өткен жылдар мәліметтері бойынша Қазақстан Ауғанстаннан 3 млн. доллар шамасында тауарлар импорттаған. Ал Қазақстанның Ауғанстанға экспорты 333 млн. долларды құрап отыр. Оның ішінде ұн мен мұнай өнімдері басымдыққа ие.
Қазақстан сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мейірбек Мәжітовтің айтуынша, Ауғанстан астанасында сауда үйінің ашылуы сауда саласындағы байланыстарды арттыруға тамаша бастама болып табылады.
«Осы арқылы отандық тауар өндірушілер өздерінің өнімдерін Кабулдағы «Ауғанстан ЭКСПО Центр» ірі көрме павильонына тегін орналастыра алады. Ал көрме өкілдері жергілікті нарық бойынша қазақстандық тауар өндірушілермен іскерлік байланысқа дайын», - дейді М. Мәжітов.