Қабылбек Сармолдаев туралы жаңа кітап жарық көрді

None
None
АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Қайраткер Қабылбек Сарымолдаев» деп  аталатын  естеліктер жинағының тұсаукесері өтті.

Кәсіпкер Болат Данияров құрастырған бұл еңбек   жазықсыз жала жабылып, халық жауы атанып 40-қа да жетпей атылған қайраткер туралы замандастары мен тарихшы, зерттеушілердің мақала, зерттеулері топтастырылған тұңғыш естеліктер кітабы. Онда Қ. Сарымолдаевтың қызы Зүлфияның  әкесінің туған інісі Мүсірепбек Сармолдаев пен анасы Майнұр туралы өз қолымен жазып қалдырған, еш жерде жарық көрмеген материалдары да алғаш рет оқырман қауымға ұсынылып отыр. М.Сармолдаев 1937 жылы Дондағы Ростов Темір жол транспорты инженерлері институтын бітірген соң  қызметке кіріспей жатып, халық жауының туысы болғандықтан 10 жылға абақтыға жабылады. Воркутаның шахтасында 10 жыл бойы жұмыс істеп, мерзімін өтеп дімкес халде елге оралған ол Түркістанда көз жұмады. Қ. Сарымолдаевтың әйелі Майнұр да «халық жауының» әйелі ретінде 10 жылға жазықсыз сотталған болатын.

Жалпы ХХ ғасырдағы  қазақтың аса көрнекті  мемлекет және қоғам қайраткерінің бірі саналатын Қ.Сармолдаев  1898 жылы 22 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы Ойтал ауылында дүниеге келген. Меркідегі орыс-қазақ мектебінде Т.Рысқұлов, М.Жылысбаев сияқты ұлт арыстарымен бірге оқыған мектепті үздік бітіріп шыққан соң білімін Әулиеатада жалғастырады. Кейін Меркіде Тұрар Рысқұловтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстандағы алғашқы революциялық саяси ұйымы саналатын  «Қазақ жастарының революциялық одағының» белсенді мүшесі болды.

Қ.Сарымолдаев Әулиеатада билік кеңестердің қолына өткеннен кейін әртүрлі басшылық қызметтер атқарды.  Әулиеата совдепінің төрағасы және  ТурЦИК-тің, Азық-түлік халық комиссариатының коллегия мүшесі болды. 1919 жылы Аштыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияны басқарып, жүздеген мың адамды аштықтан аман алып қалу жолында күресті. 1921 жылы Қазақ АССР Ішкі істер халком орынбасары қызметіне ауыстырылды. Ал 1922 жылы ТКП облысты-қалалық комитеті үгіт бөлімінің меңгерушісі, кейіннен ТКП облыстық-қалалық комитетінің (Алматы) бюро мүшесі болды. 1923 жылы Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылды. 1924 жылы оны Хорезм Республикасына жібереді. Онда Жұмысшы-шаруа инспекциясының халық комиссары, Халком кеңесі төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.  Одан кейін елге оралып 1927 жылы Қазақстан халық шаруашылығы Орталық кеңесінің төрағасы болды.  1928-1931 жылдары Республика жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, ал 1931 жылы Қазақ АССР Жер шаруашылығы халық комиссары. 1933 жылдан 1936 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы, Торғай аудандық атқару комитеті төрағасы болып қызмет атқарды. Ал 1936 жылы Қазақ ССР Тамақ өнеркәсібі халық комиссарының 1-орынбасары болып тағайындалды. Бұл оның ең соңғы қызмет орны болатын. Өмір жолы мен қызмет ету сатылары Қазақстанның автономиялық республика болып құрылуымен тығыз байланысты болған қайраткер өзге алаш зиялылары секілді «халық жауы» деген жаламен сотталып, жазықсыз ату жазасына кесілген.

Соңғы жаңалықтар