13:22, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Қабылдау-тарату мекемелеріне жүргізілген мониторинг қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізуді қажет етеді ? А.Ыбраева
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қабылдау-тарату және арнайы қабылдау мекемелеріне жүргізілген мониторинг нәтижесі қолданыстағы Заңға өзгертулер енгізуді қажет етеді.
Бұл туралы бүгін өткен дөңгелек үстел барысында «Заңдылықты сақтау және адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ-нің Астана қаласындағы филиалының директоры Анар Ыбраева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 2008 жылдың қазаны мен желтоқсан айларында Астана, Қостанай, Өскемен және Павлодардың қабылдау мекемелеріне жүргізілген жүйелі мониторинг қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді және оны адам құқықтарына қатысты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімшарттарға сәйкестендіруді қажет етеді. «Бүгінде қабылдау-тарату мекемелерінде қамауда ұстау заңсыз болып есептеледі. Өйткені, ондай мекемелерде қамауда ұстау санкциясын прокурор ғана (30 тәулікке дейін) береді. Ал өткен жылғы қыркүйектің 1-інен бастап қамауға алу туралы санкцияны сот бере бастады. Бұл ҚР Конституциясының 16 бабы, 2 тармағына және Саяси және азаматтық құқықтар туралы халықаралық пактінің 9 бабына қайшы келеді», - деді ол.Мониторингтің нәтижесі аталмыш мекемелерде ұсталатын азаматтардың құқықтары бұзылатындығын көрсеткен. Мәселен, дәрігер мамандардың болмауы, ұсталғандарға құқықтары туралы мәліметтер берілмейтіндігі, олардың түрлі жұмыстарға тартылатындығы мәлім болды. Сондай-ақ бір бөлмеде 17 адамға дейін орналастырылған жағдайлар анықталған. Оның үстіне, 103 адвокатпен жүргізілген сауалнама нәтижесі олардың қабылдау-тарату не болмаса арнайы қабылдау мекемелеріне бас сұқпағандарына 2-3 жыл болғанын көрсетіп отыр. «Осы орайда ішкі істер қызметінің қабылдау-тарату мекемелеріне қадағалау жасау құзырын азаматтық, әлеуметтік қызметтерге беруді ұсынып отырмыз», - деді А.Ыбраева.