Кәдеге жарату төлемдері өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға жұмсалуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Кәдеге жарату төлемдері өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға жұмсалуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

Кәдеге жарату төлемдері өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға жұмсалуы мүмкін
Фото: СҚО экология департаменті

– Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сай келетін қатты тұрмыстық қалдық полигондарының үлесі 2050 жылға қарай 100 пайызды құрауға тиіс. Осы мақсатта кәдеге жарату төлемдерінен түскен қаражатты өңірлердегі ҚТҚ полигондарын салуға және жаңғыртуға жұмсау мүмкіндігі пысықталып жатыр, - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, Экология кодексінде қалдықтарды басқарудағы реттегіш құралдар – қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру және жою саласындағы қызметті лицензиялау тетіктері, сондай-ақ қалдықтарды жинау, сұрыптау және тасымалдау жөніндегі қызметтің хабарлама тәртібі толық көлемде енгізілген. Заңды тұлғалар үшін экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін тиісті жауапкершілік көзделген.

– Жеке тұлғаларға қатысты талаптарды қатаңдату бөлігінде 2025 жылғы қаңтарда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қалдықтарды белгіленген орындардан тыс тастау үшін пайдаланылған көлікті тәркілеуді қоса алғанда, қоқысты кез келген жерге тастай салғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін түзетулер енгізілді, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Үкімет қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлейтінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар