Кәдесый - елдігімізді насихаттайтын бұйым

«Бүгінге күнге дейін біз 40 мыңға жуық кәдесый бұйымдарын сатып, одан 80 миллион теңгеден астам табыс таптық. Бұл - көрмеге келушілердің ұлтымыздың мұрасына деген ерекше қызығушылығының көрсеткіші»,- деді ол.
Шындап қарасақ, кәдесый - елдігімізді насихаттайтын бұйым. Әрбір кәдесыйдан қазақ деген ұлттың, Қазақстан деген елдің нағыз бет-бейнесін, салт-дәстүрін көруге болады. Шетелдерге барғанда көретінің де осы. Қайда барсаң да алдыңнан кәдесыйлар шығады. Бірден байқалатыны, әр қаланың әсем ғимараттары түрінде бейнеленген кәдесыйлар өте көп. Менің ойымша, бұл бір жағынан елді, жерді, туған қалаңды шетелдіктерге таныстыруға тамаша мүмкіндік беретін бұйым.
Екінші жағынан, жас ұрпақты жерді, елді сүюге баулуды осындай кішкентай ойыншық кәдесыйлардан бастауға болады. Мысалы, еңселі елордамыздың ең бірінші мақтанышы - Бәйтерек монументі. Көрменің айлық жұмысын қорытындылаған бас қосуда қандай кәдесыйлардың көбірек сатылғаны туралы айтылғаны дұрыс еді.
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның халықаралық қатысушылармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Илья Оразақовтың айтуынша, орташа есеппен алғанда бір отбасы күніне 5-7 павильонды аралай алады. «Біз бір айдың ішінде 27 ұлттық күнді және халықаралық ұйымдарға арналған 4 арнайы мамандандырылған көрме күнін өткіздік. Көрмеге қатысушылардың өздерінің күшімен 54 тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды»,- деп хабарлады Илья Оразақов.
Брифингті өткізушілердің пікірінше, көрмені тамашалаған адамдар ЭКСПО-2017-ге жоғары баға беруде. Әсіресе, шетелдік қонақтар қазақстандық көрменің инфрақұрылымының ыңғайлылығын атап айтуда. «Егер коммуникациялар және халықаралық қатысушылардың, шетел комиссарларының оған деген қарым-қатынасы туралы айтсақ, олар қазақстандық көрменің инфрақұрылымының ыңғайлы екенін алға тартуда. Бүгінгі таңда ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы комиссарлардың көпшілігі бұған дейін 8-9 көрмеге қатысыпты. Олардың бағалауынша, бұл жолғы көрменің павильондарының орналасуы, сәулеті, жоспарлануы өте ыңғайлы»,- деп атап айтты И. Оразақов.
«Бұл көрме Қазақстанға не береді?» деген сауалды қоятындар көп. Бұл көрменің Қазақстанға әкелетін пайдасы, беретін мүмкіндіктері көп. Біріншіден, Қазақстан әлемге тағы жаңа қырынан танылады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді, салиқалы саясатының арқасында күн сайын дамып-жетіліп, құқықтық-техникалық негіздерін күшейтіп жатқан елдің келешегі жарқын екенін насихаттай аламыз.
Екіншіден, ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанның 25 жылдан астам уақытта қандай үлкен жетістіктерге жеткенін күллі әлемге паш етеді. Үшіншіден, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-2050 стратегиясында елімізді әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатын көздеген болатын. Ал, ЭКСПО көрмесі барша қазақстандықтарды осы көзделген мақсатқа итермелеуші күш, нақты механизм рөлін атқарады.