Кадеттер арасындағы әлем чемпионаты: Айару Қалысбек қола жүлдеге ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Польшаның Бельско-Бяла қаласында өтіп жатқан каратэден әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті. Бұл туралы Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Айару Қалысбек
Фото: Қазақстан каратэ федерациясы

Кадеттер санатында кумите бағдарламасы бойынша 61 келіге дейінгі салмақта отандасымыз Айару Қалысбек қола жүлде иеленді. Ол кіші финалда сербиялық Анастасия Рудинацты айқын басымдықпен ұтты. Есеп 5-2 болды.

Бұған дейін Айару Қалысбек топтық кезеңде Финляндия, Албания және Испания спортшысынан басым түскен болатын. Ал ширек финалда Жапония өкілі Кохару Сатоны 4-0 есебімен ұтты.

Кейін финалға берілер жолдаманы Михаэла Аркаленмен сарапқа салды. Тартысты жекпе-жекте 3-6 есебімен америкалық қарсыласы басым түсті.

Айта кетейік, финалдық бәсеке жалғасып жатыр. Алда жасөспірімдер санатында Ұлттық құрама спортшысы Сұңқар Қанибек алтын медаль үшін таласады. Қарсыласы — Броди Каллен (Шотландия).

Еске салайық, Шұғыла Өмірбек әлем чемпионатында тарихи медаль жеңіп алған болатын.