Кәдімгі темекі мен электронды темекінің ағзаға тигізетін зияны бірдей ме
Әлемде темекі салдарынан 8 млн адам көз жұмады
ДДҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша, темекі бұйымдары жылына тек 8 млн-нан астам адамның өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, 600 миллионнан астам ағаштың жойылуына, 200 000 га жер мен 22 млрд тонна судың бүлінуіне әсер етеді. Бұдан бөлек аталған ұйым оның 84 миллион тонна CO2 шығаратынын айтып, дабыл қағуда. Міне, осы сандардан-ақ темекі бұйымдарының тек адам өміріне ғана емес, бізді қоршаған ортаға да үлкен қауіп төндіріп отырғанын көреміз.
Аталған ұйымның дерегінше, темекіні өндіру, өңдеу және тасымалдау кезіндегі өнеркәсіптік көмірқышқыл газының шығарындылары коммерциялық авиакомпаниялар жыл сайын өндіретін CO2-нің бестен бір бөлігіне тең. Бұл жайт жаһандық жылынуға одан әрі де ықпал ететініне баса назар аудару керек. Биыл темекімен күрес күні қарсаңында ДДҰ денсаулықты нығайту жөніндегі директоры Рудигер Креч темекінің зиянды салдары жайлы айта келіп, былай деді: «Темекі өнімдері біздің планетамыздағы ең лас өнімдердің қатарында. Олардың құрамында 7000-нан астам улы химикат бар, сондықтан да оны өңдеу кезінде қоршаған ортаға таралады. Жыл сайын шамамен 4,5 триллион темекі фильтрі мұхиттарды, өзендерді, қалалардағы тротуарларды, саябақтарды, топырақ пен жағажайларды ластайды»,-деп атап өткен еді.
Маркетинг басқаша дегенімен, шынайы өмірде фильтрдің денсаулыққа пайдасы бар екеніне ешқандай дәлел жоқ. Осы тұста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекі фильтрін тыйым салуды қарастыруға шақырып отыр.
Әлем және Қазақстандағы темекі тартуды азайту шаралары
Сарапшылар темекі өнімдерінің қоршаған ортаны ластауынан келетін шығынды өтеу өнеркәсіпке емес, салық төлеушілерге артылып қойғанын айтады. Бұған дәлел ретінде осы бағытта ең көп қаражат жұмсайтын елдердің көш басында халық саны жөнінен алғашқы орындарда тұрған мемлекеттер тұрғанын келтіруге болады. Мәселен, Қытай, Үндістанды қарайтын болсақ. Қытай аталған шығынды өтеуге шамамен 2,6 млрд доллар, ал Үндістан шамамен 766 млн доллар жұмсайды екен. Бразилия және Германияның да шығындары 200 миллион доллардан асып жығылады.
Қазіргі таңда әлем елдері темекі тұтыну көлемін азайтуға көп көңіл бөліп отыр. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, темекі өнімдерін тұтынуды азайтуға мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі – салықты көбейту. Мамандар темекі өнімдерінің бағасы халық табысынан да көп болуы керек деп санайды. Статистика бойынша, темекі өнімдерінің 10%-ға қымбаттауы табыс деңгейі жоғары елдерде темекі шылым шегудің шамамен 4%-ға, ал табыс деңгейі төмен және орташа елдерде 5%-ға төмендеуіне әкеледі.
Мәселен, Франция мен Испания, сондай-ақ АҚШ-тың Сан-Франциско, Калифорния секілді штаттары аталған мәселеге қатысты қатаң позицияны ұстанып отыр. Олар қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапқа тарту керек деген қағидатын ұстанып, темекі өнеркәсібі салдарынан болатын ластануды жою барысында «өндіруші жауапкершілігі туралы кеңейтілген заңнаманы» жүзеге асыруды қолға алды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басқа мемлекеттер мен қалаларды жоғарыда айтылған елдерден үлгі алуға, ал фермерлерге темекінің орнына ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге қолдау көрсетуге, темекі бұйымдарына көп салық салуға және адамдарға шылымды тастауға көмектесетін қызметтерді ұсынуға шақырады.
Қазақстан да бұдан тыс қалып жатқан жоқ. Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, темекі бұйымдарының басқа да түрлеріне, оның ішінде қыздырылған темекі өнімдеріне акциздерді кезең-кезеңімен арттыру енгізілді. 2023 жылы қыздырылған темекі өнімдеріне акциз 1000 данасына - 9870 теңге, 2024 жылы 1000 данасы - 11 130 теңге, 2025 жылы 1000 данасы - 11 130 теңге болмақ. Мамандар темекі бұйымдарына баға артқан сайын, тұтыну көлемі де азаятынын айтып отыр.
ДДҰ-ның дерегінше, әлемде 1,3 миллиард адам темекі тартады, оның 80%-ы табысы төмен және орташа елдерде тұрады екен.
Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріндегі темекі тұтыну
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы жаһандық темекі індеті туралы есебі бойынша, Орталық Азия мен ЕАЭО елдері арасында Түрікменстан мен Өзбекстан тұрғындары ең аз темекі шегетіндер қатарында. Аталған ұйымның есебі 2021 жылы жарияланғанымен, олар 2019 жылғы статистиканы пайдаланған. Оған сәйкес, Түрікменстан мен Өзбекстандағы күнделікті темекі шегетін ересектердің үлесі - 4% және 9%-ды құрайды.
Ал Қазақстан аймақтағы жеті елдің арасында 3-орынға ие болған. Елімізде күнделікті темекі шегетін ересектердің үлесі - 16%. Бұл ретте республикадағы жағдай біршама жақсарғанын айта кету керек. Мәселен, оның алдындағы ДДҰ есебінде еліміздегі темекі шегушілердің үлесі 17% болған еді.
Ал Қырғызстанда ересектер арасында күнделікті темекі шегетіндер үлесі - 22%, Беларусь елінде - 23%, Арменияда - 25% болды. Ресей Орталық Азия (ОА) мен ЕАЭО елдері арасында ең көп темекі шегетін ел атанды. Мұнда темекі шегушілердің үлесі 27% болған.
Темекі адам ағзасына қалай әсер етеді?
Мамандар темекі шегетін адамның өмірі орта есеппен 14 жылға қысқаратынын айтып отыр. Өйткені темекі түтінінің құрамында көп мөлшерде болатын химиялық заттар адамның барлық дене мүшесіне теріс, соның ішінде канцерогенді әсер етеді. Пульмонолог-дәрігер, республикалық аймақаралық пульмонологиялық комиссиясының төрағасы Константин Гаркаловтің сөзінше, темекі шегу кезінде темекі түтіні тыныс алу жолдарына әсер етеді, бұл эпителий түгінің өлуіне, шырышты қабатының біртіндеп бұзылуына әкеліп соғады.
«Бұл процестер жөтелдің пайда болуына ықпал етеді. Уақыт өте келе жөтел созылмалы ауруға айналады. Көптеген химиялық зат өкпе арқылы қанға енеді. Ал көміртегі тотығы қандағы оттегінің бір бөлігін алмастырады. Бұл барлық органда, соның ішінде миға оттегінің жетіспеуіне әкеледі. Қанға түсіп, улы заттар қан айналымы жүйесінің тамырларына және бірқатар органға әсер етіп, адамның мезгілсіз көз жұмуына әкеліп соғады. Біртіндеп онкологиялық ауру кез келген мүшеде, ең алдымен өкпеде, бронхта, ауыз қуысында және көмейде, сондай-ақ өңеште, асқазанда, бауырда, бүйректе дамиды. Тыныс алу қиындап, созылмалы өкпе ауруы секілді дерттерді одан әрі жетілдіреді. Улы заттар мен никотин әсері жүрек-қантамыр жүйесіне әсер етеді, бұл инфарктқа, сондай-ақ инсультке, перифериялық артериялардың зақымдалуына әкеліп соғады, бұл кезде адамның аяғы ауырғандықтан, жүруі де қиындайды»,-деді маман.
Темекі әйелдердің репродуктивті денсаулығына кері әсер етеді
Сонымен бірге дәрігер темекі шегетін әйелдер де көптеген ауруға шалдығатынын, әсіресе олардың репродуктивті денсаулығына кері әсер ететінін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, бала туу қабілетінің төмендеуі, етеккірдің келу уақытының бұзылуы, сонымен қоса жатырдан тыс жүктілік қаупінің жоғарылауына әкеліп соғады. «Ал жүктілік кезінде темекі шегу әртүрлі дәрежедегі ұрықтың гипоксиясына, құрсақішілік инфекцияға, иммун тапшылығына, нәрестенің өліміне әкеледі»,-деді дәрігер.
Кәдімгі темекіге қарағанда электронды темекінің зияны аз ба?
Қазіргі таңда электронды темекінің түр-түрі кеңінен тарала бастады. Көпшілік электронды темекінің кәдімгі темекіге қарағанда зияны аздау деп ойлайды. Бұл сауалды маманға қойып көрген едік. Оның айтуынша, темекінің зиянсыз немесе дозасы аз түрі болмайды.
«Көпшілік ойлайтындай, электронды темекі шылым шегуді тастап кетуге көмектеспейді. Бұл туралы тіпті темекі өнімдерін өндірушілердің өзі айтпайды. Олар темекі шегуді қоя алмайтындар туралы «алаңдаушылық» кейіп танытып, оларға «зиянсыз» темекі өнімдеріне ауысуды ұсынады. Бұрын бұл дозасы азырақ жіңішке темекі болса, қазір олар – электронды. Бірақ темекінің зиянсыз немесе дозасы аз түрі жоқ. ДДҰ никотин жеткізудің электронды жүйелерін, оның ішінде электронды темекіні денсаулыққа қауіпті деп санайды. Өндірушілердің өздері электронды темекіде кәдімгі темекінің құрамындағы канцерогенді заттардың барлығы жоқ екенін алға тартып, адамға теріс әсер ететін басқа да зиянды заттардың пайда болатыны жөнінде жақ ашпайды. Дегенмен қазірдің өзінде олардың зияны туралы ғылыми дәлелдер бар»,-деді Константин Гаркалов.
Темекінің ағзаға зиянды әсерін ғылыми тұрғыда дәлелдеу үшін де бірнеше жыл кетті. Қазір ғалымдар электронды темекінің де ағзаға зиян екенін айтып, дәлелдеуге тырысып жатыр. Алайда дәрігердің сөзінше, дәстүрлі қолданыстағы темекіге қарағанда электронды темекіге тәуелді болу қаупі жоғары. Кейін қазір электронды темекі шегіп жүрген жастар уақыт өте қойғысы келсе де, қоя алмауы мүмкін екенін баса айтып өтті.
Темекінің зиянды салдарын қалай алдын алуға болады?
Сөз соңында пульмонолог-дәрігер темекі шегетін адамдар санын азайту мақсатында қазір қолға алу керек шараларға тоқталды. Оның сөзінше, темекі өнімдерін жасөспірімдерге сататын жеке тұлғалар мен ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, темекі өнімдерін сату ережелерін қатаңдату қажет. Яғни, дүкенге жай нан немесе балмұздақ алуға келгендердің көзіне түсіп тұрмауы керек.
«Бұрынғыдай «Темекі шегу зиян!» деп қана ұрандатпай, тұрғындарға, әсіресе мектеп оқушыларының ата-анасына шылым шегудің зияны туралы ақпараттық тұрғыдан әсер ету керек. Темекіні тастағысы келетіндерге көмектесу үшін медициналық ұйымдарда кеңселер ашылуы тиіс. Медицина қызметкерлері темекі шегушілермен үнемі жұмыс істеп, әрбір кездесуде темекіні тастау қажеттілігі туралы айтуы керек. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, темекіні тастауға көмектесетін қаншалықты тамаша технологиялар болса да, ең бастысы - мотивация, шылым шегетін адамның темекіні тастауға деген ұмтылысы болмаса, олар - тиімсіз»,-деп сөзін түйіндеді маман.
Жалпы темекінің зияны мен салдары жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Соған қарамастан, мамандар темекі шегетіндер қатарының көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе, жастар арасында кең таралған электронды темекіні тұтынушылар көп. Сондықтан да оның алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде жүйелі шаралар қабылдануы қажет.
Фото: ehonami.blob.core.windows.ne