Қадір түнін қалай өткізу керек – Нұрлан имаммен сұхбат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Айлардың сұлтаны - Рамазан, түндердің қайырлысы - Қадір түні. Бүгін күллі мұсылман үшін қасиетті Қадір түні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, биыл Қадір түні 17-і сәуірден 18-не қараған түнге дөп келіп отыр. Қадір түнінің қасиеті - адамзатты екі әлемнің бақытына жетелейтін, жақсылық пен жамандықты, дұрыс пен бұрысты ажырататын сәт. ҚазАқпарат тілшісі имам, теолог Нұрлан Байжігітұлымен Қадір түнінің қасиеті туралы әңгімелескен еді.
None

- Нұрлан Байжігітұлы, Қадір түнін қалай қарсы алу керек?

- Қадір түні - Құранда ұлықталған, пайғамбарымыздың сүннетінде дараланған, күллі мұсылман баласы үшін ең қасиетті түндердің бірі. Хадистерде осы түннің мәртебесі мен маңыздылығы, дәрежесі айрықша баяндалған. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Айша анамызға көп дұғалардың ішінде ерекше айтуды бұйырған дұғасы бар еді. Ол дұға: «Аллахумма Иннака 'афуввун тухиббу л-'афва фа 'фу ' анни» («Я, Раббым Алла! Шынында да, сен кешірушісің, мейірімдісің, жарылқаушысың! Жомартсың және кешіргенді ұнатасың. Мені де кешіре гөр!»). Яғни, Қадір түнінде әсіресе осы дуғаны көбірек оқу керек. Сондай-ақ, бұл түні мұсылмандар Құдайға ерекше құлшылық жасап, көбірек намаз оқып, дұғаларды қайталап, көбірек тілек тілегені дұрыс. Әлбетте, бір ғана дұғаны оқы деген бұйрық жоқ, әр адам өзінің ішкі дүниесінде жүрген дұғаны оқып, тілегін тілесе сол жеткілікті.

- Дегенмен, Қадір түнін қарсы алуға байланысты әңгімелер көп. Кейбіреулер түнді ұйқысыз өткізу керек дейді. Осы дұрыс па? Тағы нені білуі керек деп ойлайсыз?

- Жалпы осы түнді қарсы алуға байланысты біраз ереже, жолы қалыптасып қалды деп ойлаймын. Соның бірі осы түнді ұйқысыз, таң атқанша көз ілмей өткізу. Дегенмен, Қадірдің түні емес - таңы дәріптелсе игі. Түнде емес таң алдында ұйықтамау аса маңызды. Қазір бізде көпшілік жұрт түні бойы ұйықтамай Қадір түнін күтіп, таң алдында шаршағаннан ұйықтап кетеді. Керісінше, түнде бір сәт болса да көз іліп, таң атып келе жатқанда тұрып, дұға етудің маңызы зор. ал түнімен ұйықтамаудың салдарынан Қадір түнінен кейін көп адамдар мектепке, жұмысқа кешігіп барып жатады. Әлбетте, бұл іс құпталмайды. Қадір түнін қарсы алдым деп түні бойы ұйықтамай, шала ұйқымен жұмысқа кешігіп барған жөн емес. Осы жағын түсінуі керек. Қадір түнінде ұйықтамау - парыз емес. Қаласаң да, қаламасаң да түнімен ұйықтамай отыр деген шарт жоқ. Әрине, ояу болған жақсырақ: құлшылық үшін, ғибадат үшін. Егер сіз түні бойы ұйықтай алмасаңыз, дұға оқып, ниет еткен - бұл жақсы. Алайда, егер кісінің келесі күні орындауы тиіс маңызды шаруалары, жұмысы болса, балалардың, студенттердің сабағы болса түннің бір уағында ұйқыға жатып, таңертең ертерек оянып, намазын оқып, дұғасын жасап, содан кейін тиісті шаруаларын жасағаны дұрыс. Маған салса, ұйықтаған дұрыс, таң атқанда ерте оянса игі.

- Қадір түнін қарсы алу туралы күнтізбеде нақты белгіленген уақыт жоқ қой?

- Иә, белгілі бір түн жоқ. Көптеген ғалымдар бұл түн Рамазан оразасының 26-сынан 27-і күніне дөп келеді деп айтады. Ал биыл 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түні түседі деп есептелді. Әйтсе де Қадір түнін нақты осы күні келеді деп ешкім айта алмайды. Бұл да біздің жобалап белгілеген түніміз.

- Осы түнге қатысты тағы бір рәсім: кейбіреулер алдын-ала дайындалып, дастархан жайып, Қыдыр атаны күтеді. Бұның дінмен, шариғатымызбен қандай байланысы бар?

- Қыдыр атаны Қадір түнінде күту - ешқандай да діни рәсіммен байланысты емес. Ет асып, торт пісіріп, Қыдыр ата келеді деп дастархан жаюдың еш қажеті жоқ. Ең бастысы Аллаға жалбарыну, осы түнді дұға, тілек және ғибадат түні ретінде атқару. Қадір түні кейбіреулер арнайы қонақ шақырады. Ол да орынсыз ба деп ойлаймын. Өйткені, ол қонақты күтумен жүріп, шаршап шалдығады. Егер сіз осы түнге орайластырып ауызашар берсеңіз, бұл басқа мәселе. Сосын, Қыдыр ата деген жоқ, Қыдыр ғалейхи-ассалам бар, яғни Қыдыр пайғамбар деген бар. Сондықтан да, осы түні Қыдыр пайғамбар келеді деп жүргеніміз де дұрыс емес. Ал ақсақалдарымыз бата бергенде жиі айтылатын «Қыдыр дарысын» деген сөз бар, ол «Алладан жақсылық күту» дегенді білдіреді. Сондықтан бұл түнде ешкімді күтудің қажеті жоқ.

- Нұрлан имам, жалпы Ораза туралы да сұрай кетсем деп едім. Мұсылман қауымы жыл сайын асыға күтетін осы оразаның философиясы туралы не айтар едіңіз?

- Оразаның философиясы, мәні - ғибадат ету, құлшылық жасау. Кімде кім осыған сенімді түрде қарап, құлшылыққа жанымен беріліп атқарса - күнәлары кешіріледі дейді. Екіншіден, құлшылықты адамға бекерден бекер жүктеген жоқ, оның адами пайдасы өте зор. Аштардың, жарлылардың жағдайын ойлау, ағайынмен жақын болу, ғаріптерге, мүскіндерге көмек беру - бұның бәрі ораза ұстаушының бойын үйрететін ізгі амалдар. Хадисте былай делінеді: егер кімде -кім оразаны ғибадат ретінде қабылдаса, егер ол оразаны сеніммен ұстаса, онда оның күнәлары кешіріледі. Екіншіден, сенушілер оразаны ұстап қана қоймайды, олар одан пайда көреді. Яғни мұқтаждарға көмек көрсетеді, игі істер жасайды, туыстарымен байланысады.

- «Нағыз Рамазан оразадан кейін келеді» деген де сөз бар. Яғни, бұл – біз үшін сынақ айы. Рамазан аяқталса да жақсы әдеттерді жалғастыру керек қой.

- Шынында да, Рамазан айында біз ораза ұстап қана қоймаймыз, мұқтаж жандарға көмектесеміз, дұрыс өмір салтын ұстанамыз. Бұндай әдеттер қалған 11 айда ұстанса игі. Бір ай бойы адам бойын үйреткен ізгі амалдар, жақсы қасиеттер келесі сол адамның өзіне рухани азық болуы керек. Мейірімділік, адамгершілік, тәрбие, жанашырлық, түсіністік және тағы сол сияқты ізгі амалдар - адамның бойына осындай ораза арқылы сіңсе игі. Тоқ етері - Рамазан айындағы болған барлық жақсылық, игі амалдар - қалған айларджа қуат болуы тиіс.

- Ораза кезінде жұртшылық қайырымдылықты көп жасайды. Осыған байланысты көмекті бірінші кезекте кімге көрсету керек деген сұрақтар да тауындап жүр. Мешітке берген дұрыс па, әлде мұқтажға көмектесу керек пе?

- Мешіт бәрібір өзіне түскен қаражатты мұқтаж жандарға үлестіріп беріледі. Әрине, қайырымдылықты кімге беру керектігін әр адам өзі шешеді, бұл әрбір адамның өз ықтиярындағы шаруа. Әйтсе де, қайырымдылық жасау барысында елдер рәсімге сай дұғасын оқып, әдебін сақтаса - құба құп.

- Кредит алуға қатысты сұрақ қойғым келіп отыр. Негізі кредит - күнә болып саналады емес пе? Ал, бірақ сол кредитті көбінесе аса мұқтаж адамдар амал жоқтан алады емес пе?

- Дұрыс айтасыз, кредитті адам жетіскеннен алмайды. Бірақ сол несиені берген адам одан пайда көру үшін береді. Қазақ айтпақшы кредит беруші алушының «қанын сығып алады». Неге? Өйткені, беруші адам алушыны құлдыққа байлап қояды. Әлбетте бұл жерде қарыз бен кредитті шатастырмау керек. Қарыз беру - сауап. Мұсылмандар көмек ретінде адамға қарызға ақша бере алады, бірақ пайызсыз. Яхудилердің бір сөзі бар «біреудің құл қылғың келсе, қарыз бер» деген. Қарыз берсең пайызсыз бер. Егер пайызбен берсе, онда берген адам көмектеспейді, алушыдан ақша сорып алады. Бұл дұрыс емес. Егер сіз қарызды бір қымбат киім, жақсы телефон немесе үлкен теледидар сатып алу үшін алсаңыз, сіз өмір бойы сондай заттарға тәуелді болып, борышкерліктен арыла алмайсыз. Өзіңнің қалауыңды жүзеге асыру үшін қарызданған дұрыс емес. Егер сізге шынымен қажет болса, мұқтаж болсаңыз қарызға ақша алуға болады. Дегенмен мүмкін болса, қарызға ақша алмағаныңыз жөн.

- Соңғы жылдары технологияның дамуымен несиеге немесе бөліп төлеу бойынша көптеген қызмет түрлері шықты. Бұған не дейсіз?

- Мүфтият пәтуасы (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы) жарияланды. Сіз сата аласыз, бірақ сатып алудың қажеті жоқ.

- Әр этностың қасиетті Рамазан айына қатысты әдеттері қалыптасты. Егер елімізде Рамазан мерекесінің ерекшеліктері туралы айтатын болсақ, қазақстандықтар үшін бұл жай ғана қасиетті ай емес, ерекше мереке секілді.

- Шынында да, бұл біздің халқымыздың қасиетті айға деген құрметін, сүйіспеншілігін көрсетеді. Біздің азаматтар Рамазанға бірнеше ай бұрын дайындалады. Ауызашарды беріп, пітір садақа етуді алдын ала жоспарлайды. Бұл біздің ерекшелігіміз. Кейбір мұсылман мемелкеттерінде Рамазан әдетке айналған, соншалықты ерекшеленбей де жатады. Ал біздегі жағдай ерекше. Кімді қалай шақырамын деп те бас қатыратындар - тек қазақтар шығар.

- Рамазан айы аяқталуға жақын қалды. Қазақстандықтарға қандай ақыл айтасыз?

- Қоғамымыз білімді болса деймін. Көп кітап оқу керек. Ұлы Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев сол сияқты діни әдебиет. Ораза барысына келетін болсақ, осы айда Құранды оқуды бастау керек, өйткені қасиетті Құран Рамазан айында түскен. Құранды оқып, рухани білімді арттырған абзал. Сонда біз Аллаға жақындай түсеміз, көп нәрсені түсіне бастаймыз, отбасындағы тәрбиеміз де дұрыс бағытта болады.

- Нұрлан Байжігітұлы, сіз әлеуметтік желіде белсендісіз. Тікелей эфирде отандастарымыздың сауалына жауап беріп, сол арқылы олардың діни білімін арттырып жүрсіз. Жалпы жұртты не қызықтырады? Сізге қандай сұрақтар жиі қойылады?

- Қазіргі күні қоғамды ең көп толғандыратын сұрақ - отбасы тақырыбы. Біздің қоғамда бір-бірін түсінбейтіндер көп сияқты, қыңырлық, қырсықтық толып жатыр. Тек өзімдікі дұрыс деп санайды көбісі, сосын татулық үшін, кешірім үшін алғаш қадам жасағысы келмейді. Қоғам солай тәрбиеленіп кеткен бе деп ойлаймын. Көп адамдардың мақсаты - біреуге бір нәрсені дәлелдеу, олар сол үшін өмір сүреді. Сосын біздің қоғамда мақсатн көп. Жаңа кілем, жаңа жиһаз сатып алды ма соны бәріне көрсету керек. Адамдар біреу үшін өмір сүретіндей, жұрттан қалмай бірдеңе сатып алып, бірақ оны да дұрыс пайдаланбайды. Біз жинаған дүниемізді, мүлкімізді өзімізбен бірге алып кете алмаймыз. Сондықтан, мен сұрақтарға жауап бергенде де, уағыз айтқанда да оның бәрі құнсыз екенін түсіндіруге тырысамын. Мүмкіндігінше жақсы өмір сүріңіз, қыдырып, жер көріңіз, саяхаттаңыз. Меніңше, біз материалдық затттарға, байлыққа басымдық бермеуіміз керек. Бізді өз үйің, міндетті түрде кең сарайың болуы керек деп үйретіп тастаған. Бір жерге байланыс қалмау керек. Егер басқа қалаға көшу керек десе, біз бірден мені кім күтіп тұр, қайда барам, не істеймін деп бір Джунглиде жүргендей ойлаймыз.

- Осы тұста бір сұхбатыңыз есіме түсіп отыр, Сіз отбасыңызбен бірге мешітте тұратыныңызды айтыпсыз. Сол рас па? Бұл сізге мәселе ретінде көрінбейді ме?

- Рас, көп жылдар бойы біз, отбасымызбен мешітте тұрып келеміз. Кілемді жайып жіберіп, сол жерге ұйықтаймыз. Кейде суық болады, алайда, бұны проблема деп санамаймын. Тіпті үйі жоқ адамдар да бақытты бола алады. Менің жақсы досым, дінтанушы, ғалым Бауыржан Әлиұлы болды. Тірі кезінде оның үйі болған жоқ. Бірақ ол да бұны ешқандай да проблема қылған емес еді. Ол қайтыс болған кезде оның отбасына төрт үй сыйға тартылды. Бұл жерде Алла әркімге өз ризығын өлшеп береді дегенді түсінуге тиіспіз. Әркім талпынсын, бірақ байланып қалмасын. Сіз Аллаға ризашылық білдірсеңіз, Алла сізді міндетті түрде марапаттайды. Менің ойымша, әр қалада жалға берілетін тұрғын үйді көбірек енгізу қажет. Егер сіз басқа қалаға көшсеңіз, пәтер ақысын қазіргі сомамен төлеу қиынға түседі. Пәтер жалдау біздің жалақымызбен бірдей. Егер мемлекет жалға берілетін тұрғын үй санын көбейтіп, құнын төмендетсе, адамдар қарызға кіріп, пайыз төлемес еді. Үй аламын деп басын қатырғанша арзанға пәтер жалдап, жылдар бойы тұра берер еді. Бұл ретте де тұрақтылықтың маңыздылығын атап өткен дұрыс.

- Әлеуметтік желідегі белсенділігіңізге қайта оралсақ, оқырмандарыңызбен, көрерменмен кері байланыс бар ма?

- Direct-ке көп хабарлама келіп түседі. Айтпақшы, қазір «Өзгеріс» деген арнайы айдар дайындап жатырмын. Бұл айдарда тыңдармандар менің кеңестерім мен ұсыныстарым арқылы қандай өзгерістерге қол жеткізгені туралы айтылады. Аты айтып тұрғандай не өзгерді дегенді білуіміз керек қой. Одан кейін «Даму» деген екінші бағдарлама жоспарда бар. Сіз өзгерісті тоқтатпай, оны әрі қарай дамуыңыз керек. Оқырмандар маған «сіздің кеңесіңізден отбасымды сақтап қалдым», «сізді тыңдадым, отбасыммен қайта қосылдым» деп жазып жатады. Көп ер адамдар жұбайымен ұрысқаннан кейін, ол үйден кетсе, жұбайын алып кетуге бармай намыстанады. Мен үнемі айтамын: жұбайыңның ізінен бар, әкел, отбасын сақта, тәкаппар болма деп. Нашақорлармен де жақсы әңгіме болған. Олар өзгеріп жатса несі жаман. Барлық жазбаның скриншоты бар. Жуырда ол жазбаларды жаңа айдарлар арқылы жариялаймын.

-Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар