Кафелер мен асханаларға қандай жағдайда айыппұл салынады — ТЖМ түсіндірмесі
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде мәлімдеді.
Оның сөзінше, министрлік қызметкерлері аталған нысандарды аралап, тексереді. Сондай-ақ, мекеме басшыларымен әңгімелесіп, оларға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді әрі оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді.
Егер қандай да бір заңбұзушылықты байқаса, Төтенше жағдайлар департаментіне тұрғындар да жүгіне алады. Министрдің айтуынша, ТЖМ азаматтардан өтінішін қарастырып, шағым түскен нысандарды тексереді.
— Аталған заңбұзушылықтар расталған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады. Сондай-ақ, оларды жою бойынша нақты мерзім белгіленіп, нұсқамалар беріледі, — деді Мұрат Мұханов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның мәлімдеуінше, заңбұзушылыққа жол берген объектілерге айыппұл салынады. Нұсқамада көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін, Төтенше жағдайлар министрлігі жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Егер анықталған заңбұзушылықтар жойылмаса, мекеменің жұмысы сот шешімі арқылы уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін жеке үйлерге өрт және улы газ датчиктерін орнату жұмыстары қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.