Жеке үйлерге өрт және улы газ датчиктерін орнату жұмыстары қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов елімізде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде мәлімдеді.

р
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Биыл шамамен 13 мың датчик орнатылды. Бұл жұмыстар тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, 68 датчик дер уақытында іске қосылып, соның арқасында 290 адамды ажалдан құтқарып қалу мүмкін болды. Мұндай шаралар жалғасады. Бүгін Премьер-министр де облыстар мен әкімдерге осы жұмысты жалғастыруға тапсырма берді, — деді ол.

а
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сонымен қатар, министр аталған датчиктердің пайдалану мерзімі 10 жылға дейін екенін айтты. Бірақ олар батареямен жұмыс істейді. Демек, үйге орнатылған соң, тұрғындар құрылғының қуаты таусылмағанын тексеріп, уақытында батареясын ауыстырып отыруы керек.

— Қазір тізімде әлеуметтік осал топтар тұратын 93 мың үй бар. Датчик орнату мәселесінде әзірге сондай үйлерге баса мән беріп отырмыз. Өйткені, онда мүгедектігі бар жандар т. б. әлеуметтік мүмкіндігі шектеулігі азаматтар тұрады. Жалпы, «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңға, Құрылыс кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Алдағы уақытта барлық жеке тұрғын үйге датчиктер орнатылуы керек, — деді Мұрат Мұханов.

Жеке үйлерге өрт және улы газ датчиктерін орнату жұмыстары қалай жүріп жатыр
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін өрт қауіпсіздігі айлығынде бірінші кезекте студенттер жатақханалары тексерілетінін жазғанбыз.