Қағаз қалдығы — қоқыс емес: Түркістанда жылына 1 мың тонна макулатура қайта өңделеді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында жылына 1 мың тонна макулатура өңдейтін кәсіпорын іске қосылды. Жаңа өндіріс қағаз қалдықтарын қайта айналымға енгізіп, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті. 

Қағаз қалдығы — қоқыс емес: Түркістанда жылына 1 мың тонна макулатура қайта өңделеді
Фото: Экология министрлігі

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған бірнеше жоба бар. Олардың бірі — Түркістан облысында биыл пайдалануға берілген қағаз қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорны.

Кәсіпорын жылына 1 мың тонна қағаз қалдығын қайта өңдей алады. Жобаның құны — 64 млн теңге.

Қағаз қалдығы — қоқыс емес: Түркістанда жылына 1 мың тонна макулатура қайта өңделеді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Кәсіпорынның іске қосылуы өңірде макулатураны қайта өңдеу көлемін ұлғайтып, қағаз қалдықтарының көбірек бөлігін өндірістік айналымға қайтаруға мүмкіндік береді.

Қалдықтарды өңірлердің өзінде қайта өңдеу оларды басқарудың тұрақты инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етеді. Макулатураны полигонға көмудің орнына жаңа өнім өндіруге қажетті қайталама шикізат ретінде пайдалануға болады.

Жаңа кәсіпорын Түркістан облысының қағаз қалдықтарын қайта өңдеу қуатын арттырмақ.

Қағаз қалдығы — қоқыс емес: Түркістанда жылына 1 мың тонна макулатура қайта өңделеді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Еске сала кетейік, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат есебінен 34 жобаны қаржыландыруға 122,6 млрд теңге бөлді. Бұл жобалар қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Осы уақытқа дейін 15 жоба іске асырылды. Осы жобалар аясында 131 бірлік арнайы техника сатып алынды. Жалпы қуаты жылына 290 мың тоннаны құрайтын қалдықтарды сұрыптау желілері іске қосылды. Сондай-ақ жылына барлығы 19,3 мың тонна қалдықты қайта өңдей алатын өндіріс орындары пайдалануға берілді.

Қағаз қалдығы — қоқыс емес: Түркістанда жылына 1 мың тонна макулатура қайта өңделеді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес жұмсалады. Мұндай жобалар қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға, полигондарға көмілетін қалдық мөлшерін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін үш қалада қоқыстан энергия өндіретін зауыттар 2028 жылы іске қосылатынын жаздық.