Каир маңындағы тасжолда жанармай таситын көлік өртеніп, 31 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Мысыр астанасы Каирді айналып өтетін тасжолда жанармай таситын көліктің қатысуымен болған апаттан кемінде 31 адам қаза тауып, тағы 21 адам жарақат алды. Өрт салдарынан жиырмадан астам жеңіл көлік пен мотоцикл жанып кеткен, деп хабарлайды Associated Press агенттігі.

Каир маңындағы тасжолда жанармай таситын көлік өртеніп, 31 адам қаза тапты
Фото: AP

Апат Мысыр астанасын айналып өтетін Ring Road тасжолының Гиза провинциясындағы әл-Варрак ауданында болған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл – Үлкен Каир аумағына кіретін халық тығыз қоныстанған аудан.

Оқиға орнында құтқарушылар өртеніп жатқан көліктердің ішінен адамдарды алып шыққан. Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтауға тырысқан кезде, оқиға орнына жүздеген адам жиналған.

Апат кезінде тасжолда кептелісте тұрып қалған Ахмед Самир жанармай таситын көлік пен бірнеше автокөліктің өртеніп жатқанын көрген. Оның айтуынша, өртенген көліктердің ішінен кемінде сегіз адамның денесі шығарылған.

– Өрт өте үлкен болды. Жалыннан көліктер бір-біріне жабысып қалғандай көрінді. Бұл – қорқынышты көрініс, – деді ол Associated Press агенттігіне.

Мысыр, көлік апаты
Фото: albawabhnews.com

Мысыр президенті Абдель Фаттах әс-Сиси қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ал Бас прокуратура марқұмдардың жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрі Халед Абдель Гаффар жараланғандардың жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілгенін айтты. Ол оқиға орнына өзі баратынын да хабарлаған. Министрдің сөзінше, қаза тапқандар саны әзірге алдын ала есептелген, сондықтан құрбандар саны артуы мүмкін. Алғашқы мәліметте жараланғандар саны 25 адам деп көрсетілсе, кейін бұл көрсеткіш 21 адамға дейін нақтыланған.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Мысырда жол-көлік оқиғалары жыл сайын мыңдаған адамның өмірін қияды. Апаттардың негізгі себептері – жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жолдардың нашар жағдайы және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылаудың әлсіздігі.

Еске сала кетсек, биыл қаңтарда Мысырдың оңтүстігіндегі Бени-Суэйф провинциясына жақын тасжолда бірнеше көлік соқтығысып, 21 адам қаза тапқан, тағы 16 адам жарақат алған еді.

Ал өткен айда болған автобус пен жүк көлігінің соқтығысуынан 12 адам қаза тапты.