Мысырда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 12 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Мысырда Каир қаласынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан тасжолда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 12 адам қаза тапты, тағы 30 адам жарақат алды, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

жол-көлік оқиғасы
Фото: pexels

Мысырдың Денсаулық сақтау және халық саны министрлігінің мәліметінше, жол апаты сейсенбі күні Каир – Асьют батыс шөл тасжолында болған. Жеке компанияға тиесілі автобус жүк көлігімен соқтығысқан.

Оқиға орнына 28 жедел жәрдем көлігі жіберіліп, зардап шеккендер жақын маңдағы Гиза провинциясының ауруханасына жеткізілді.

Денсаулық сақтау министрі Халед Абдель Гаффар жақын маңдағы ауруханаларға зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Министрлік қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәліметтер алдын ала екенін атап өтті. Қазіргі уақытта зардап шеккендерді анықтау және оқиғаның мән-жайын тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Танзанияның шығысындағы Морогоро өңірінде жолаушылар автобусы мен жүк көлігі бетпе-бет соқтығысып, соның салдарынан кемінде 28 адам қаза тапқан еді.